Түркістан облысында мас күйде көлік басқарған ер адам ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ Түркістан облысында жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылған тұрғын мас күйде қайта рөлге отырған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері жол көлік оқиғасын болдырмау мен алдын алу мақсатында рейдтік шараларды тұрақты түрде жүргізіп отырады. Осындай кезекті патрульдеу кезінде Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мас халде көлік басқарған жүргізушіні анықтады.
Тарқатып айтар болсақ, тәртіп сақшылары сағат 13:00 шамасында Леңгір қаласы бағытына қарай ВАЗ-21074 автокөлігін дұрыс жүргізбей келе жатқан көлікті тоқтатты. Тексеру кезінде полицейлер жүргізушінің құжатының жоқ екенін білді.
Ал көлік иесін сараптамадан өткізу кезінде оның мас халде екені белгілі болды. Анықталғандай, жүргізуші өткен жылы Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған, - делінген хабарламада.
Ер азамат көлік құралын басқаруға тыйым салынғанына қарамастан, қайта рөлге отырған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігімен (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.