Түркістан облысында мал ұрлауды кәсіп қылған екі азамат құрықталды
Келес аудандық полиция бөліміне 6 ауыл тұрғыны арыз қалдырған. Олардың айтуынша, белгісіз біреулер олардың ірі-қара малдарын қолды еткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жоғалған малдарын тұрғындар өз күштерімен іздеген, алайда нәтиже болмаған соң полицияға шағымданған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлері мал ұрлығын жасағандардың ізіне шығып, екі күдікті ер азаматты ұстады. Олар жұмыссыз жүрген жас жігіттер. Жәбірленушілерге 2,5 миллион теңге көлемінде шығын келтірген.
Полиция қызметкерлері аталған фактіні ҚР ҚК-нің 188-1 бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеді.
Анықталғандай, ұрылар жергілікті тұрғындардың жайылымдарда қараусыз қалған және қорада тұрған төрт түлігін жымқырып, жүк көлігімен артып әкеткен. Содан кейін олар ұрланған малды арзан бағамен сатып, түскен ақшаны өзара бөліп алған.
Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.