Түркістан облысында да коронавирусқа қарсы вакцинация басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов, бас санитарлық дәрігер Нұрбек Нышанов алғашқы болып ресейлік Sputnik V вакцинасын салдырды, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Алдымен олар дәрігерлерге қаралды. Вакцинация Түркістан қаласындағы орталық емханада өтті. Вакцина алғаннан кейін 30 минут бойы дәрігерлер бақылауында болды. Түркістан облысында бүгін 250 адамға вакцина салу жоспарланған.

Ресейде өндірілген Sputnik V вакцинасының бірінші партиясы Түркістан облысына 1300 доза мөлшерінде жеткізіліп, барлық аудандарға таратылды. Бұрын қол жеткізілген келісімдер негізінде Қарағанды фармацевтикалық кешені вакциналардың алғашқы партиясын жеткізуді жүзеге асырды.

Вакцинаны тек кәмелетке толған Қазақстан азаматтары ғана ала алады. Облыста коронавирусқа қарсы вакцинация 2021 жылдың соңына дейін жалғасады, оған 950 мың адам қатысады деп жоспарлануда. Бірінші кезеңде инфекциялық ауруханалардың, жедел медициналық жәрдемінің, реанимация бөлімшелерінің, қабылдау бөлімдерінің медицина қызметкерлері вакцинациялана алады, - делінген ақпаратта.


Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі. Алдымен азаматтар дәрігердің міндетті тексеруінен өтеді. Түркістан облысында егу пункттерінің дайындығы тексеріліп, профилактикалық егулерді жүргізу мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілді. Медицина қызметкерлері оқытылды.

Айта кетейік, вакцинация - коронавирустың одан әрі таралуына жол бермей, қатаң локдаун енгізубеудің жалғыз баламасы.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы