Түркістан облысында кәсіпкерлік нысандарының жұмыс уақыты ұзартылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында банкет залдары мен мейрамханалар енді 50 пайыздан аспайтын (50 адамға дейін) сыйымдылықпен сағат 7:00-ден 2:00-ге дейін жұмыс істейді.
Ал, бильярд, компьютерлік клубтар мен боулинг орталықтары 12:00-ден 24:00-ге дейін қызмет көрсетсе, бассейн, спорт кешендері және фитнес орталықтардың жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Мұндай жұмыс режиміне «Ashyq» қосымшасы жүйесіне енгізілген кәсіпкерлік нысандары ғана өтеді.Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитариялық дәрігері Н.Нышанов мәлімдеді.
Вирустың таралу қаупін азайту мен карантиндік шаралар кезінде кәсіпкерлердің қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретін «Ashyq» жобасы сәуірдің 26-нан бастап, еліміздегі барлық өңірлерде жүзеге асырыла бастады. Жоба - кәсіпкерлік нысандардың жұмысын жандандыруға мүмкіндік бермек, – деді Нышанов.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нақыпбеков жобаның қалай жүзеге асатынын баяндады.
Кез-келген азамат «Ashyq» мобильді қосымшасын «App Store» және «Play Market»-тен телефонына жүктеп алуы керек. Қосымшаға ЖСН нөмірі арқылы қосылып, өзі барған мекемедегі арнайы QR-кодты сканерлейді. Нәтижесінде оның жасыл, көк, сары немесе қызыл түстер арқылы клиенттің мәртебесі көрсетіледі. Қызыл түс – қоғамдық орында болуын шектеп, оқшаулаудың қатаң режимін сақтауды, сары – пациент үйде оқшаулану режимін сақтай отырып, үйінен 500 метр жерден аспайтын азық-түлік және аппараттық дүкендерге, дәріханаларға баруға рұқсат етілетінін білдіреді. Ал, көк – ПТР тест міндетті болатын жерлерден басқа орындарда шектеулер болмайды. Жасыл – ешқандай шектеулер жоқ екенін білдіреді және бұл пайдаланушы дерекқорда «Covid-19» теріс нәтижесі бар ПТР-тестілеуден өткен адам ретінде көрсетіледі, – деді ол.
Кәсіпкерлер QR код алу үшін өтінімді сайт арқылы береді. Кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану орындары, қосымша білім беру ұйымдары өтінімдерді салалық қауымдастық арқылы береді. QR-код тек бизнес субъектілеріне беріледі.
Сондай-ақ брифинг барысында облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов өңірдегі екпе егу жұмыстары жөнінде баяндады. Оның сөзінше, вакцина салдыру бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр.
Облысқа ақпан айынан бастап «Спутник V» вакцинасының 141 700 дозасы жеткізілген. Бүгінгі күнге дейін – 140 565 адам 1-ші компонентпен вакцина қабылдады. Ал, отандық «QazVac» вакцинациясы мыңға жуық адамға егілген. Алдағы уақытта «Спутник-V» 185 мың доза және «QazVac» отандық вакцинасынан 752 мың доза қамтамасыз ету жоспарланып отыр, – деді Пашимов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ардагерлер мен тыл еңбеккерлері пойызбен тегін жүре алады
Өзгелердің жаңалығы