Түркістан облысында карантин талаптарын сақтамаудың 6 мыңнан астам дерегі анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақтаарал аудандық полицейлері Covid-19 коронавирустық инфекциясына байланысты эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне орай карантиндік режимнің сақталуын бақылау бойынша іс-шаралар жүргізуді жалғастыруда.
Мобильді топтар азаматтардың, сауда және ойын-сауық орындарының, дүкендер мен базарлардың иелерімен, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарда, қоғамдық көліктерде және көшелерде карантин мен өзін-өзі оқшаулау режимінің сақталуын тексеруде.
Осыған байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы («Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу») бойынша карантин талаптарын сақтамаған 313 жайт анықталған.
Көкпар мен Қазақ халқын ажырату мүмкін емес. Алайда қазіргі мынау індет жайлап тұрғанда ел амандығы үшін, ұлттың тұтастығы, халқының денсаулығына алаңдап тұрған шақта бұл дәстүрге шектеу қою қажет.
Мақтааралдық тәртіп сақшылары күнделікті бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізуіне қарамастан қазіргі таңда көкпар ойынын ұйымдастырушылардың қатары сейілер емес. Соның бірі - Мақтаарал ауданы Өркениет ауылында 80 адамға ұйымдастырылған кезекті көкпар ойыны тоқтатылып, тұрғындар тарқатылды, - делінген хабарламада.
Одан бөлек, Мақтаарал ауданы Атакент ауылында рейдтік тексеру жұмыстары жүргізілді. Іс-шара өткізу барысында сағат 17:50 шамасында Мақтаарал ауданының көше бойында орналасқан дәмхананың меңгерушісі медициналық бетпердесіз жұмыс істеп жүргені анықталды.
Естеріңізге сала кетсек, Түркістан облысы бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабының талаптарын сақтамаған 6035 дерек анықталып, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері 4 778-іне хаттама толтырған. Оның ішінде той, құдалық өткізгендерге қатысты 569 жайт тіркелген. Сондай-ақ 2271 дерек тұрғылықты мекен жайларында түрлі іс-шаралар өткізген тұрғындарға қатысты.