Түркістан облысында карантин талабын бұзудың 5500-ден астам фактісі анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында карантин талаптарының сақталуына байланысты күнделікті рейдтік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Карантин режимін сақтамағандарға хаттама толтырылып, айыппұл салынуда, деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Осыған байланысты Түркістан облысында карантин кезінде ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 5546 құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 4370-іне айыппұл салынған, ал, той-жиындар ұйымдастырғандар – 506. 

Арыс ауданының полицейлері тексеру шаралары барысында Арыс қаласындағы негізгі көшелердің бірінің бойында орналасқан тойхананың жұмыс жасап тұрғанын анықтаған. Сонымен қатар Келес ауданы тұрғындарының бірі үйіне таныс-туыстарын жинап беташар жасап, карантин талаптарын өрескел бұзған. Сондай-ақ Шардара қаласының тұрғыны да туыстарын жинап құдалық той жасағаны белгілі болды, - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта осындай әрекеттермен карантин талаптарын бұзған тұрғындарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органға (СЭС-ке) жіберілді.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адам көп шоғырланған жерлерге бармауды, бас қосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы