Бүгiн 2026, 14:34 Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның құрметіне мемориалдық тақта ашылды

Ұлдана Мырзуан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Түркістан облысында басына кондиционер құлап, қайтыс болған фельдшер Ұлдана Мырзуанның құрметіне мемориалдық тақта ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жетісай ауданы, Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты Үтіртөбе елді мекенінде Астанада ауыр жарақат алып, ауруханада көз жұмған марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанға арнап ескерткіш тақта орнатылды.
 
Жас болса да кәсіби адалдығымен көзге түскен және шұғыл жағдайларда өз бетінше шешім қабылдай білген білікті маман Ұлдана Қалдарханқызы 2017-2021 жылдары Астана қаласындағы «Даналық» колледжінде емдеу ісі мамандығы фельдшер біліктілігі бойынша білім алып, оқу орнын үздік дипломмен бітірген.
 
Байқоңыр ауданы жедел жәрдем подстанциясының бригада аға-фельдшері болып жауапты қызмет атқарған.
 
Шара барысында жиналған жұрт кәсіби қызметі жолында әрдайым қауіптің алдыңғы шебінде жүріп, адам өмірін құтқаруды басты мұрат еткен, ерлікпен қаза тапқан Ұлдананың жарқын бейнесін, ел есінде қалған еңбегін және адамдық асыл қасиеттерін тағы бір мәрте еске алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған ауылдастарына құран бағышталып, дұға жасалды. Қысқа ғұмырында кәсібіне адалдықтың, адам өмірі үшін күрестегі батылдық пен жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен Ұлдана Мырзуанның ерлігі – кейінгі ұрпаққа өнеге. Ауылдастарының бастамасымен орнатылған ескерткіш тақта мен демалыс және спорт аймағына Ұлдананың есімін беру – өткенге тағзым мен ерлікке құрметтің белгісі, елге адал қызмет еткен азаматтардың есімі ұмытылмайтынын көрсететін тағылымды қадам, - деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, қараша айында Астанада басына кондиционер құлаған 23 жастағы фельдшер қайтыс болды

Сондай-ақ, ІІМ өкілі фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты екі қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтқан.