Түркістан облысында еліміздегі ең ірі жылыжай кешені салынады

Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің президенті Александр Рудаковпен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Күн тәртібіндегі мәселе – аграрлық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру.

Айта кету керек, «ЭКО-культура» — 13 жыл бойы тұрақты дамып келе жатқан, жабық топырақта экологиялық таза көкөніс өсіретін ірі агроөнеркәсіптік холдингтің бірі. Бір жыл ішінде өндірген өнім көлемі 300 мың тоннадан асады. Өз кезегінде, Қазақстандағы инвестициялық ахуал мен нақты өндірісті қолдау шаралары ел аумағында экономика үшін маңызды жобаларды іске асыруға ықпал етеді.

Холдинг Түркістан облысы Келес ауданында жылыжай кешенін салып жатыр. Бүгінгі таңда 51 га жер учаскесінде жылыжай ашудың бірінші кезеңі жүзеге асырылуда, онда жылына 28 мың тоннадан астам қызанақ өсірілетін болады.

Кездесуге қатысушылар 500 га жерді қамтитын жылыжай кешенінің аумағын кеңейту жобасын талқылады. Бұл жыл бойы 240 мың тоннадан астам көкөніс өсіруге мүмкіндік береді. Өндірілетін өнім ішкі нарыққа жеткізіледі, сондай-ақ логистикалық және тарату орталықтарының келісілген арналары арқылы шетелге экспортталады.

Жобаның бірінші кезегін келесі жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарда бар.

Александр Рудаковтың айтуынша, бұл әлемдегі ең ірі жылыжайлардың бірі болмақ. Мұнда 7 мың жұмыс орнын ашу көзделген. «ЭКО-культура» холдингі жергілікті тұрғындар үшін бәсекеге қабілетті еңбек жағдайын тудырып, әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде өңірдің дамуына елеулі үлес қосады.

Үкімет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Азық-түлік қауіпсіздігі, тұрғындарды сапалы әрі арзан өнімдермен қамтамасыз ету – Үкімет жұмысының негізгі басымдығы. Өсіп келе жатқан демографиялық көрсеткіштерді ескере отырып, бүкіл әлемде азық-түлікке деген қажеттілік тұрақты түрде артып келеді. Бізде ішкі нарықты қамтамасыз етіп, өнімді экспорттауға толық мүмкіндік бар. Бүгінде біз ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ете отырып, ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруді және экспорт көлемін одан әрі арттыруды мақсат етіп отырмыз. Аталған бағытта біз инвесторларды тартуға мүдделіміз және ауқымды жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге дайынбыз, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы