Түркістан облысында екі жолаушыдан есірткі тәркіленді
Түркістан облысында Батыс Еуропа - Батыс Қытай трассасында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 2 келі есірткі заты тәркіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облысының құқық қорғау органдарының қызметкерлері заңсыз есірткі тасымалдап жүрген 42 жастағы күдіктіні ұстады. Оқиға Сауран бекетінің маңындағы Батыс Еуропа - Батыс Қытай трассасында орын алған. Мұнда полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, тергеу жүргізген. Тексеру барысында "Toyota Camry" маркалы көліктің жолаушысынан үш полиэтилен пакеті табылған. Пакеттердің ішіндегі заттар зерттеу нәтижесінде кептірілген марихуана болып шықты. Жалпы алынған есірткі заттарының салмағы шамамен 2 келіні құрайды.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті деп табылған Қызылорда облысының тұрғыны қамауға алынды.
Айта кетейік, 2024 жылы Түркістан облысында заңсыз есірткі айналымына қатысты 673 құқық бұзушылықты анықталған.
Олардың ішінде есірткі сату бойынша 44 дерек, есірткісі бар өсімдіктерді заңсыз егу бойынша 66 дерек, аса ірі көлемде есірткі сақтау - 14 дерек, есірткі контрабандасы - 137 дерек, есірткі затын насихаттау және жарнамалау - 8 дерек, “ішкі бақылаудағы жеткізілім” тәсілімен жасалған қылмыстар - 4 дерек, есірткі лабораториялары бойынша 1 дерек тіркелген.
Ал заңсыз айналымнан осы уақытқа дейін 350 келіден астам есірткі заты тәркіленген.
Ғалия Бисейіт