Кеше 2026, 22:40 Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Түркістан облысында егіс науқаны басталды

Қазірдің өзінде жоспарланған 18,2 мың гектар жердің 7 мың гектарына ерте пісетін көкөністер мен картоп егілді.

Жалпы, биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 8 мың гектарға ұлғайып, 919 мың гектарды құрады. Оның ішінде 536 мың гектар – жаздық дақылдарға, 208 мың гектар – күздік егіске, 175 мың гектар – көпжылдық шөптерге, оның ішінде жоңышқаға тиесілі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаевтың айтуынша, биыл егіс құрылымын әртараптандыру және су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында мақта алқабы 17 мың гектарға ұлғайтылып, 162 мың гектарға жеткізілді. Жүгері 15 мың гектарға артып, 55,2 мың гектарды, ал мақсары 16 мың гектарға көбейіп, 85,4 мың гектарды құрады. Сонымен қатар суды тұтыну көлемін азайту мақсатында күріш алқабы 7 мың гектарға қысқартылды, бидай егістігі 25 мың гектарға азайтылып, 216,3 мың гектар болды.


Қазіргі таңда жер жырту жұмыстары 82 пайызға, топырақ шаю 52 пайызға орындалды. Жұмыс жалғасуда.

Биыл 203,5 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр. Облыстық бюджеттен 134 мың тонна тыңайтқышты субсидиялауға 9,5 млрд теңге бөлінді.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні 8,4 млрд теңгеге өтінімдер мақұлданып, 7,2 млрд теңге көлемінде 321 жоба қаржыландырылды. Қосымша 15 млрд теңгеге өтінімдер қаралуда.

Науқанға 37,4 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында былтыр 1 872 техника сатып алынып, техникалық парктің жаңару деңгейі 9,2 пайызға жетті. Биыл тағы 2 029 техника сатып алу көзделген.
Жалпы, Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстарын жүйелі жолға қойылып, сала мамандары жанар-жағармаймен, тыңайтқыштармен, тұқыммен және техникамен кезең-кезеңімен қамтамасыз етілуде.