18 Шілде 2026, 08:54 Фото: "ҚазАвтоЖол" ҰК баспасөз қызметі

Түркістан облысында аптап ыстықтан көтерілген жол жабыны жөнделді

«ҚазАвтоЖол» мұндай құбылыс жолдың сапасыз салынғанын білдірмейтінін атап өтті.

Шымкент – Өзбекстан шекарасы бағытындағы республикалық маңызы бар автожолда аптап ыстық салдарынан көтерілген цемент-бетон жабыны толық қалпына келтірілді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады.

Жол жабынының деформациясы республикалық автожолдың 780-шақырымында анықталған. Ақауды мониторинг барысында «ҚазАвтоЖолдың» Түркістан облыстық филиалының мамандары байқаған.

Компанияның мәліметінше, жол қызметтері жедел әрекет етіп, қалпына келтіру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтады.

Соңғы күндері Түркістан облысында ауа температурасы +44°C-қа дейін көтеріліп, соның салдарынан цемент-бетон жабындысы бар жолдарда температуралық деформациялар тіркелуде.

«ҚазАвтоЖол» мұндай құбылыс жолдың сапасыз салынғанын білдірмейтінін атап өтті. Мамандардың айтуынша, жоғары температура әсерінен бетон жабындысы кеңейіп, уақытша деформацияға ұшырауы мүмкін. Қазіргі уақытта жолдардың жай-күйі тұрақты бақылауда.