Түркістан облысында «Аманат» азаматтық алаңы жұмысын бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті. Онда «Аманат» азаматтық платформасы Түркістан облыстық өкілдігінің жетекшісі Бектай Орманов сайлау науқаны бойынша мониторинг жұмыстары басталғанын мәлімдеді. Бұл туралы облыстың өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Оның айтуынша, бұл азаматтық алаңы сайлау үдерісіне қоғамдық мониторинг жүргізу мақсатында құрылған. Басты мақсат – сайлауды әділ және ашық өткізуге үлес қосу. Аталған бастамашы топ құрамына еліміздегі қоғамдық ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері, жастар, сарапшылар және азаматтық белсенділер кірген.

«Аманат» азаматтық платформасының бірінші отырысы 2019 жылы 22 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өткізілді. Осы кездесуде "Аманат" азаматтық тұғырнамасын құру туралы бастама көтеріліп, алдағы сайлауға қоғам мониторинг жүргізе алатындай ұсыныстар жинау жөнінде шешім қабылданды. Қоғамдық штаб құрылды. Бүгінде мүдделі азаматтар мен сарапшылардың 250-ден астам ұсынысы келіп түсті, неғұрлым өзекті мәселелер іріктеліп алынды. Осының негізінде сайлау үшін қажетті жағдайлар жасаудың 5 негізгі бағытын қамтитын тұжырымдама әзірленді», - деді Бектай Орманов.




Ол бес бағыт –  «Сайлауды өткізуге дайындық», «Сайлаушылардың  өз құқықтары жайлы хабардар болуы», «Адалдық», «Ашықтық» және  «Ынтымақтастық» деп аталады.  Үміткерлерге теңдей жағдай жасалына ма? БАҚ барлығына бірдей алаң бере ме? Сайлаушылар таңдаған кандидатты қалай қолдай алады? Оның бағдарламасы туралы ақпаратты қалай табуға болады? Міне, «Аманат» осы және өзге де сұрақтарға жауап беруді көздейді.




Сонымен қатар, Қазақстанның барлық өңірлерінде, әрбір сайлау учаскесінде тәуелсіз бақылау және жедел ақпарат алмасу желісін құру, азаматтар, журналистер, сарапшылар, ғалымдар арасындағы сайлау бойынша барынша ашық және объективті ақпарат пен пікір алмасу, тәуелсіз диалог және пікірталас алаңдарын құру бағытында жұмыстар атқарылады.

Түркістан облысында "Аманат" азаматтық платформасының өкілдігі 29 сәуірден бастап жұмысын бастап кетті. Барлық бағыттар бойынша халықаралық ұйымдармен, ОСК, жергілікті жерлердегі сайлау комиссияларымен, жергілікті атқарушы органдармен, кандидаттардың сайлау алдындағы штабымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық және азаматтық сектор өкілдерімен ынтымақтастық құрылады.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы