Түркістан облысында әкесін өлімші етіп ұрған ер адамға қатысты сот басталды
Түркістан облысында әкесін өлімші етіп аясыз соққыға жыққан ер адамға қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетейік, өңірдегі Қоссейіт ауылының 41 жастағы тұрғыны Алмас Садақбаевқа дәрменсіз күйде жатқан қарт әкесіне қатыгездік көрсетіп, сондай-ақ оның денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірді деген айып тағылып отыр.
Іс Жетісай аудандық сотында қаралып жатыр. Бүгін басталған сот отырысында куәгерлерден жауап алынды. Олардың айтуынша, қартқа жасалған қорлықты бейнелейтін ауыр видеолар әуелі жергілікті чаттарда тараған.
Іс бойынша куәгер ретінде ауылдық амбулаторияда жұмыс істейтін дәрігер Гүлжан Чукманова сөз сөйледі. Ол чаттарда тараған видеоны көргеннен кейін Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнарға хабарласып, жағдайға назар аударып, ер адаммен сөйлесуді сұрағанын айтты.
Әкімнің сөзінше, ол қарияның үйіне арнайы барып, халін көрген. Сол кезде ақсақал төсекте жатқанымен, күтімі жаман емес болғанын жеткізді.
Сондай-ақ Түркістан облысында әкесін соққыға жықты деп айыпталған ер адамның мешітте жұмыс істегені туралы тараған ақпаратқа өңір имамы пікір білдірді.
Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнар сотта куәлік бере отырып, даулы видеоны айыпталушының әкесі қайтыс болғаннан кейін ғана көргенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ол Садақбаевты әңгімеге шақырып, кездесуге учаскелік полиция қызметкерін де қатыстырған.
Алайда Алмас Садақбаев әкесіне зорлық-зомбылық көрсеткенін мойындамай, қарияның өте ауыр хәлде болғанын және оған күтім жасаудың аса қиынға соққанын алға тартқан. 2 қыркүйек күні ұзақ уақыт бойы әлсіреген қарт өмірден өтті.
Алғашында жергілікті дәрігерлер өлімнің табиғи себептермен болғаны жөнінде анықтама беріп, марқұм жерленген. Дегенмен қылмыстық іс қозғалғаннан кейін, тергеу барысында мәйіт эксгумацияланған.
Еске салайық, оқиға туралы ақпарат таралған соң Түркістан облысында әкесін аяусыз ұрған азамат қамауға алынды.
Сондай-ақ әкесін өлімші етіп ұрған ер адамның әйелінің үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қоса ер адамның өз әкесіне деген қатыгездік көрсетуіне психологиялық тұрғыдан не себеп болуы мүмкін екенін психолог маманнан сұрастырдық.