Түркістан облысында әк шығаратын зауыт ашылды

Түркістан облысының Түлкібас ауданында заманауи талаптарға сай әк өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Ірі өндірістік жоба «Састөбе» инновациялық индустриялық кешенінде іске қосылды. Қазақ-қытай бірлескен жобасының жалпы құны – 32 млрд теңге, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, жаңа кәсіпорын ауданның ғана емес, жалпы облыстың өндірістік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Зауыт жылына 400 мың тонна әк өндіруге қауқарлы.

Зауыттың ашылу салтанатына қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ел экономикасының негізгі бағыты шикізат өндіру емес, жоғары технологиялы өндірістер мен инновациялық индустрия екенін атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыруды, жоғары технологиялы және инновациялық өндірістерді дамытуды ел дамуының басты бағыты ретінде айқындаған. Жаңа зауыт осы стратегиялық міндеттерді іске асыруға бағытталған.

Кәсіпорынның іске қосылуы өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге де оң әсерін тигізбек. Жоба аясында мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Сонымен қатар, отандық «Саутс-Ойл» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановтың айтуынша, қазақ-қытай әріптестігі аясында Түркістан облысында жалпы құны 180 млрд теңгені құрайтын бес ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар аясында жыл сайын 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді, 1 млн тонна цемент және 400 мың тонна әк өндіру жоспарланған. Аталған жобалар 2027 жылға қарай толық аяқталады деп күтілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы