Түркістан облысында жаңа латын графикасын түсіндіре алатын мамандар оқытылды
Түркістан облысы, BAQ.KZ. Республика көлемінде жаңа латын графикасымен жазылған жазба тіліміздің жүйесін, емле ережелерінің ғылыми негізін түсіндіре алатын білікті мамандар дайындаудың маңызы өте зор. Бұл туралы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» атты республикалық семинарында айтылды.
Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа емле: құрылымы мен мазмұны» атты республикалық дәріс және семинар өтіп жатыр.
Латыннегізді қазақ жазуын меңгертетін Тіл оқыту орталықтарының қызметкерлерін оқытатын дәріс- семинарға өңірдегі оқу орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, мекеме қызметкерлері қатысуда.
Дәріс-семинардың мақсаты – латыннегізді қазақ әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын, емле нормаларының ғылыми негіздерін ересек аудиторияларға оқыта, түсіндіре алатын білікті тренерлер дайындау.
«Жаңа әліпбиді қабылдаудың негізгі алғышарттары бойынша да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Дәріс барысында тыңдаушыға қазақ әліпбиінің қысқаша тарихы, графикасы мен құрамы, әріп-фонема арақатынасы, қазіргі айтылым және жазылым нормалары туралы ақпарат беріледі. Тыңдаушылар өзіндік сауалдары мен пікірлерін ортаға сала отырып, латын әліпбиі бойынша білімін жетілдіріп, өз аймақтарында дәріс жүргізуге мүмкіндік алады», - деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы Қолданбалы лингвистика басқармасының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Бақыткүл Ысқақ.
Жаңа емле ережелерін үйрету барысында инновациялық педагогикалық технологиялар мен әдіс-тәсілдердің ғылыми-iзденушiлiк және оқу-әдiстемелiк қағидалары қолданылуда. Екі күндік дәріске өңіріміздің аудан, қалаларынан жиналған оқытушылар қатысып, оларға арнайы сертификаттар табысталады.
Айта кеетйік, дәрісті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы Қолданбалы лингвистика басқармасының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты - Бақыткүл Дәуітбекқызы, Назарбаев университеті Қазақ және түркі тілдері департаментінің асистент профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ағабекова, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты, грамматика бөлімінің аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Әльфия Солтанбекова, аталған институттың Этнолингвистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлсінай Исаева жүргізді.