Түркістан облысында 6 көпірді жөндеп жатыр

Түркістан облысы аумағындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жалпы саны 410 көпір орналасқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, бүгінде сараптамаға сәйкес 29 көпір жөндеуді қажет етеді.

2021 жылы 4 көпір күрделі жөндеуден өткізіліп, 3 көпір (Түлкібас, Отырар, Бәйдібек аудандары) пайдалануға берілсе, Түлкібас ауданындағы 1 көпірдің жөндеу жұмыстары биыл жалғасып жатыр.

Сондай-ақ, қазіргі таңда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан 5 көпір ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Атап айтқанда, Қазығұрт ауданындағы облыстық маңызы бар «Қазығұрт-Тұрбат» бағытындағы жолдың бойындағы көпір, Сайрам ауданындағы «Шымкент-Құтарыс-Түйетас» автомобиль жолы бойындағы 2 көпір, Түлкібас ауданындағы «Балықты-Абай-Пістелі» автомобиль жолы мен Бәйдібек ауданындағы «Шаян-Ағыбет» автомобиль жолындағы көпірлерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жыл сайын басқарма тарапынан облыс аумағындағы көпірлердің жағдайына айрықша көңіл бөлініп отыр.

Сонымен қатар биыл Түркістан қаласы, Сауран, Жетісай, Сарыағаш, Отырар, Төлеби, Ордабасы, Мақтаарал, Келес, Бәйдібек аудандарындағы облыстық маңызы бар жолдардың бойындағы 16 көпірді күрделі жөндеуден өткізуге жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Оның ішінде, 5 көпірге мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған болса, қалған көпірлерге жыл соңына дейін сараптама қорытындысын алу жоспарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы