Жобаның бірінші кезеңі аясында кәсіпорын 2 млн кг немесе 2 мың тонна қызанақ өндірді.
Жоба заманауи агротехнологияларды қолдана отырып жүзеге асырылуда. Оның ішінде тамшылатып суару жүйелері және су мен энергия ресурстарын тиімді әрі ұтымды пайдалануға бағытталған шешімдер қарастырылған.
Қазіргі уақытта жылыжай кешенінің құрылысы жалғасуда. 2026 жылдың күзінде тағы 37,5 гектар жылыжайды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осылайша, жыл соңына дейін жобаның бірінші кезеңі аясында іске қосылған өндірістік қуаттардың жалпы аумағы 50 гектардан аспақ.
Кешен толық іске қосылғаннан кейін жылына 27 мың тонна қызанақ өндіріледі.
Бұл ішкі нарықтағы отандық көкөніс өнімдерінің көлемін, оның ішінде маусымаралық кезеңдегі ұсынысты едәуір арттыруға, импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жобаның бірінші кезеңіне салынған инвестиция көлемі 42 млрд теңгені құрайды. Өңір тұрғындары үшін 130 тұрақты жұмыс орны құрылды. Кешен толық жобалық қуатына шыққаннан кейін жұмыс орындарының саны 1 мыңнан асады деп күтілуде.
"Ecoculture-Eurasia" жобасы өңірдегі заманауи жылыжай өндірісін дамытуға тың серпін беріп, агроөнеркәсіптік кешенді технологиялық жаңғыртуға, ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға және ауылдық жерлерде тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге ықпал етуде.
Жалпы, Қазақстанда жабық топырақ жағдайында көкөніс өндіру көлемі кезең-кезеңімен ұлғайып келеді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда 2,3 мың жылыжай бар (2025 жылы – 2,1 мың жылыжай).
2026 жылғы қаңтар-маусым айларында жабық топырақта ауыл шаруашылығы дақылдарын жалпы жинау көлемі 110,4 мың тоннаны құрады. Оның ішінде 45,8 мың тонна қияр және 62,7 мың тонна қызанақ өндірілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенге инвестиция тарту, заманауи өндірістік инфрақұрылымды дамыту, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жобаларды қолдау жұмыстарын жалғастыруда.