Түркістан облысында 2 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында «Қауіпсіз жол» іс-шарасы кезінде 2 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Түркістан облысының аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау мен жолын кесуге, жол-көлік оқиғаларын азайтуға және қысқы уақытта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шара барысында полиция қызметкерлері 2203 жол қозғалысы ережесін бұзу жайтын тіркеді, оның ішінде қоғамдық көлік жүргізушілері 30-дан астам құқық бұзушылық жасаған, - делінген хапбарламада.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары техникалық байқаудан өтпеудің 163 жайтын, рейс алдындағы және медициналық тексеруден өтпеген 6 жүргізушіні анықтады. Бұған қоса, заңсыз қайта жабдықтаудың 18 дерегін тапты.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері рейд кезінде қауіпсіздік белдігіін тақпағаны үшін 446, автокөлікті басқару кезінде телефонды пайдаланғаны үшін 192, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 76, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін 11, бағдаршамның тыйым салатын сигналына шыққаны үшін 18, авариялық жағдай жасағаны үшін 12, жаяу жүргіншілерді өткізбеген 43 жүргізуші және мас күйінде көлік жүргізгені үшін 10 жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Жол қозғалысы ережелерін бұзған 440 жаяу жүргінші анықталса, көлікті басқаруға құқығы жоқ 19 жайт анықталды. Ал айыппұл тұрағына 142 көлік құралы қойылды. Тәртіп сақшылары бұндай құқық бұзушылықтарды анықтаған сәтте жүргізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тартып қана қоймай, түсіндіру жұмыстарын да жүргізеді. Осыған орай полиция қызметкерлері 36 уақытша бекет ұйымдастырып, жүргізушілерге жолдарда қауіпсіз жүрудің, оқыс жағдайлардың алдын алу және оны реттеу туралы 800-ден астам буклет пен жаднама таратты.