Түркістан облысында 15 жасөспірім полиция бөліміне жеткізілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы аумағында биылғы оқу жылының басталуына орай балалардың жолда жүру қауіпсіздігін қадағалап, оларға ережелерді түсіндіру және жасөспірмдер арасында құқыбұзушылықтарды болдырмау мақсатында түнгі, күндізгі жедел профилактикалық іс-шаралар жиі жүргізілуде.
Осыған орай Шардара ауданы ПБ қызметкерлері білім беру мекемелерінің аумағында «Абайлаңыз балалар» іс-шарасын өткізді. Онда полицейлер оқушыларды жолда жүру, жолдан өту ережелерімен таныстырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Әсіресе мектеп табалдырығын енді аттаған 1-сынып оқушыларына басты назар аударылды.
Сонымен қатар шардаралық полицейлер кәмелетке толмаған балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу міндеттеріне сай түнгі рейдтік іс-шараларды да жедел ұйымдастыруда. Іс-шараға сәйкес полицейлер аймақтағы түнгі ойын-сауық кешендерін, саябақтар мен алаңдарды аралап тексеру жүргізуде, - делінген ақпаратта.
Осындай кезекті бір тексеріс кезінде тәртіп сақшылары кәмелетке толмаған 15 жасөспірімді анықтады. Олар тез арада бөлімшеге жеткізілді. Жасөспірімдердің ата-аналарына ӘҚБтК 442-бабы 2-бөлігі, яғни «Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы» бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Бұған қоса беймезгіл уақытта көшеде жүрген тағы 2 оқушының ата-аналарына қатаң ескерту жасалды.