Түркістан облысында 1200 басқа арналған жаңа сүт фермасы салынуда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Гольштейн-фриз тұқымды 1200 мал басқа арналған жаңа ферманың басты мақсаты – тұрғындарды сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз ету. Ферманың құрылысы Кентау қаласы, Шаға ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында 46 гектар аумақта бастау алды, деп хабарлайды Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бүгінгі күні жобаны іске асыру шеңберінде технологияны жеткізушісі анықталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жобаның жүзеге асуы – сүт және сүт өнімдерінің сапасын арттырып, оның көлемін ұлғайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады деп жоспарлануда.

«Түркістан» ӘКК» АҚ іске қосылған алғашқы кезеңінде, яғни 2019 жылы 1000 гектар алқапта мал азығы дақылдарын өсіру жобасын бастаған. Бюджет қаражаты мен сол кезде тартылған инвестицияларды пайдаланып, 18 жаңбырлатып суару машиналары сатып алынып, орнатылған.

Сондай-ақ егістік алқаптардағы жұмыстарға арналған 26 дана ауыл шаруашылығы техникасы бар машина-трактор стансасы құрылды. Жобаны іске асыру жоспарына сәйкес, жиналған өнім соғылып жатқан өндірістік сүт фермасын қажетті жем-шөп қорымен қамтитын болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы