Түркістан облысында 100 жастан асқан 51 қария тұрады
Түркістан облысында Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай жаңа Ардагерлер үйі ашылды. Мұнда қариялардың тынығуына, денсаулығын жақсартуына барлық жағдай жасалған. Жоба Мемлекет басшысының аға буынға құрмет көрсету және олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салтанатты іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Облыста ардагерлердің денсаулығын нығайту үшін жыл сайын 8 мыңға жуық қария «Ардагерлер үйі» және «Мейір» ардагерлер үйі арқылы тегін сауықтыру қызметтерін алады. Әрқайсысы 14 күндік ем қабылдайды.
Жаңа ғимарат Сайрам ауданының Қарасу ауылынан ашылып, табиғаты таза, жеміс бау-бақшаның жанында орналасқан. Мұнда терренкур (денсаулық жолы) жасақталып, аға буынға қолайлы жағдай жасалған.
Іс-шараның басты мақсаты – жаңа орталықты ашу, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлерді құрметтеу және олардың өмір сапасын жақсарту.
Түркістан облысындағы қарттар жайлы деректер
Түркістан облысында 203 207 зейнеткер бар, бұл – өңір халқының шамамен 10 пайызы. Оның ішінде 100 жастан асқан 51 қария тұрады. Ең қарт тұрғын – Қазығұрт ауданының 108 жасқа толған тұрғыны Гүлзи Келесбаева.
2025 жылы еліміз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтті. Түркістан облысы бойынша 2 983 ардагер бар, оның ішінде 8-і – Ұлы Отан соғысына қатысушылар. Олар Мемлекет басшысының құттықтау қағаздары мен сыйлықтарын алды. Ал 2 874 тыл ардагеріне 50-100 мың теңге аралығында материалдық көмек берілді.
Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары
Қарттардың белсенді өмір сүруін қолдау мақсатында өңірде 21 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылған. Қазіргі таңда 10 347 зейнеткер (барлық зейнеткерлердің 5%-ы) осы орталықтардың қызметін пайдаланып отыр.
Қамқорлық пен әлеуметтік қолдау
– 743 ардагер тегін басылымдарға жазылады;
– 391 жалғызілікті қарияға ай сайын зейнетақысына қосымша үстеме ақы төленеді;
– «Қамқорлық» акциясы аясында 6 мыңнан астам қарияға көлік, коммуналдық төлем және дәрі-дәрмекке жеңілдіктер берілді.
Қарттар күніне арналған іс-шаралар
Облыста «Қариялар – елдің қазынасы» атты арнайы жоспар бекітіліп, түрлі спорттық, мәдени және әлеуметтік шаралар ұйымдастырылып жатыр. Қарттар шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі сияқты ойындарда бақ сынауда. Мектептерде ардагерлермен кездесулер, әдеби кештер, үйлеріне барып құттықтау акциялары өтуде.
Сондай-ақ «Қарттарым аман жүрсің бе?» акциясы аясында өңірдегі жүз жастан асқан қарияларға құрмет көрсетіліп жатыр. Денсаулық сақтау саласында тегін медициналық тексерулер ұйымдастырылып, ашық есік күндері жарияланды.
Әлеуметтік сала бойынша жалғызілікті қарияларға жергілікті бюджет есебінен 5 АЕК көлемінде көмек беріліп, демеушілер тарапынан азық-түлік себеттері таратылуда. Волонтерлік топтар қариялардың үй-жайларын жөндеп, ауласын реттеуге атсалысып келеді.