Түркістан облысы қалай дамып жатыр?
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкімнің сөзіне сенсек, экономиканың басты көрсеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі биыл алдын ала есеп бойынша 4 трлн теңгеден асып отыр.
Аймақта өнеркәсіп өнімінің көлемі 8,8%-ға артып, 960 млрд. теңгеден асты. Оның ішінде қайта өңдеуге барынша басымдық берілуде. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 463 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 113%-ға артты. Өсім негізінен тау-кен (105,2%), тамақ (103,5%), жеңіл өнеркәсіп (105,9%), машина жасау (106,7%) және жиһаз (1,6 есе) өндірістері есебінен орын алды. Облысқа жыл басынан 888,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Ал жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды, - деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысында алғаш рет "Шағын өнеркәсіптік парк" жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 308 млрд. теңге инвестиция тартылып, 151 өндірістік ғимарат салынады. 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Қазір 10 нысан салынып, 8 кәсіпорын ашылып, 712 жұмыс орны құрылып үлгерді. Аталған аумақта жаңбырлатып суғару қондырғыларын шығаратын кәсіпорындар ашылды. Жиһаз, мұздатқыш және құрылыс заттарын шығаратын зауыттар қолданысқа берілді.
50 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізіліп, осы бағытта 3 өндіріс орны ашылды. Мақта-тоқыма кластерін дамыту жұмыстары басталды. Заманауи мал биржасы, бордақылау кешені, ет өнімдерін терең және қайта өңдеу бағытында 5 жобаны іске асыру көзделуде.
Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Мектептердің 29-ы "Жайлы мектеп" жобасы аясында соғылуда. Одан бөлек «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 49 нысан бой көтеруде.
Брифинг барысында BAQ.KZ тілшісі аймақ басшысына өңір тұрғындарының шағымдарына қатысты сұрақтарын қойды. Солардың бірі – жедел жәрдем көліктерінің жай-күйі. Түркістандықтар облыстағы жедел жәрдем көліктерінің әбден ескіріп, тозығы жеткенін айтқан еді. Дархан Сатыбалды мұндай проблема бар екенін мойындады, қазір бұл олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді.
Тәулік бойы жұмыс істегендіктен , жедел жәрдем көліктері жиі бұзылады. Былтыр тоқсанға жуық жаңа көлікті алып бергенбіз. Қазір олардың саны 200-ге жетіп отыр. Бірақ, істен шығып жатқандары да көп. 3-4 жылда жаңартып тұру керек. Жоспар бар, әрине бәріне бірдей ақша жетпейді, лизинг арқылы 50-60 көлік алып береміз деп отырмыз. Әлі толық шешілген жоқ, қарастырып жатырмыз тиімділігін. Жылына кемінде 20 көлік алып отыруымыз керек, - деді Дархан Сатыбалды.
Жыл басынан бері облысқа 400 мыңнан астам турист келді. Е-qonaq жүйесіндегі дерекке сәйкес олардың 19 мыңы шетелдіктер.
Облыста жалпы 2,1 млн тұрғын немесе халықтың 97,9%-ы ауыз сумен қамтылған (737 елді мекен). Биыл қосымша 30 елді мекен жаңадан ауыз су құбырына қосылып, 13 елді мекеннің тозған су жүйелері жаңартылады. Екі жылда 187 мың тұрғын ( 91 елді мекен) табиғи газға қосылды.