Түркістан облысы балық өндіруден көш бастап тұр
Түркістан облысында облыстың су айдындарындағы балықтың табиғи қоры 14,1 мың тонна (ғылыми дерек), яғни облыстың балық өндіру потенциялы жоғары деңгейде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тауарлы балық өндіру бойынша 2020, 2021 жылдары республикада көш бастады. Үкіметтің балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасына сәйкес, 10 жылда облыста тауарлы балық өндірудің көлемін 20 мың тоннаға жеткізу мақсатында жұмыс істеліп жатыр.
Бүгінде резервтегі су айдындарын бекітіп беру, заңдастыру облысаралық балық шаруашылығы инспекцияларының құзырында. Заңға сәйкес, 2022 жылға дейін балық шаруашылығын дамытуды субсидиялау Ауыл шаруашылығы басқармасымен жүргізілген. Бүгінде Табиғи ресурстар басқармасының құзыретіне берілуіне байланысты, заңдастыру толығымен аяқталды, - делінген хабарламада.
Түркістан облысы аумағында тауарлы балық өсіруге жарамды 134 өзен-көл орналасқан. Оның ішінде 88 жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген. Сарапшылар Түркістан облысындағы жасанды су қоймаларында балық өсіру саласының жоғары әлеуетін айтуда.
Айта кету керек, өңірдің тауар өндірушілері жылына 2 мың тоннадай балық өнімін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстанға балық экспорттайды.