Түркістан облысы. 50 адам эвакуацияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарыағаш, Қазығұрт аудандарында жауған жауын-шашын әсерінен көшелерді, аула аумақтарын су басқан.
Бұл туралы Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде тұрғын үйлердің су басуына жол бермеу мақсатында ТЖД қызметкерлері жаңбыр суын сору жұмыстарын жалғастырып жатыр.
24 сәуірінде Түркістан облысында қатты жауын шашын салдарынан Қазығұрт ауданының 4 елді мекенінде және Сарыағаш ауданының 1 елді мекенінде 53 үйдің ауласына, 18 үйдің, 1 тойхананың, 16 шаруашылық құрылыстың ішіне су кірген. Су басқан аумақтардан 50 адам эвакуацияланып, барлығы туыстарының үйлеріне таралды. Сондай-ақ үй жануарлары қырылған, саны анықталып жатыр, - делінген хабарламада.
Аталған хабарламалар бойынша жергілікті атқарушы және төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері тарапынан аумақтан су сорып шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аудандық өрт сөндіру бөлімі мен бекеттерінің, жергілікті ауыл әкімдіктердің ұйымдастыруымен су сорғыштар көшелер мен үйдің аулаларына толған суды шығару жұмыстарымен айналысып жатыр.
Жұмысқа ТЖ Төтенше жағдайлар департаментінің 56 қызметкер, 9 техника, 11 мотопомпа және жергілікті атқарушы органдардың 19 қызметкер, 6 техника, 2 мотопомпа күшімен суды сору және арықтарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар көшелерді, үйлердің аулаларын су басу фактісіне байланысты аудан әкімдігінің жедел желісі іске қосылып, тұрғындар тарапынан хабарламалар түскен жағдайда шұғыл іс-шаралар атқарылып жатыр.