Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесі Елбасының тезірек сауығып кетуін тіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж. Мәуленқұлов Түркістан облысының ардагерлері мен зиялылары атынан Елбасының коронавирус індетінен тезірек сауығып кетуін тіледі.
Оның айтуынша, Тұңғыш Президенттің сарабдал саясатының арқасында Қазақстан мықты мемлекетке айналып, Орталық Азия мен ТМД-да алдыңғы орынға шықты.Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қымбатты Елбасы! Сіздің сарабдал саясатыңыздың, кемеңгерлігіңіз бен көрегендігіңіздің арқасында Қазақстан мықты мемлекетке айналып, Орталық Азия мен ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Бүкіл әлемді мойындатты. Сіз "Қазақстан жолы" - "Нұрлы жол" сынды өзіндік өзгеше жолды салып, елімізді дамудың биік белестеріне шығардыңыз. Әлеуметтік бағдарлы, экономика, инновация, Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы, татулық пен тұрақтылық темірқазық етіп алынды. "Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарысқанға бұйырады" деген қанатты сөзіңіз бар. Қазір ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласы бүкіл әлем қызыға көз тігетін әлемдік орталыққа айналды. Елорда - Елбасымыздың ерен ерлігінің жемісі. Мұны жер-жүзінің екі жүзге жуық мемлекетінің баршасы мойындады, - деді ол.
Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Елбасының Түркістан облысының құрылуына үлкен үлес қосқанын атап өтті.
Елбасымыздың ерліктері көп. Солардың бірі - Түркістан қаласын түлетудің шыңдап қолға алынуы. Міне, Сіздің тарихи Жарлығыңыз қабылданып, жаңа облыс құрылып, түркілер төрі Түркістанның орталыққа айналғанына екі жыл толды. Түркістан да бір кездегі елорда секілді екі-үш ай сайын танымастай таңғалдыруда, - деді Мәуленқұлов.
Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сәл сырқаттанып қалғаны жұртты біраз мазасыздандырғанын жасырмады.
Ардақты Елбасы! Біз Тәуелсіздік дегенде қасиетті халқымыз бен Тұңғыш Президентімізді ерекше мақтан етеміз. Мемлекет басшысы, Сіздің ізгілікті ізбасарыңыз, бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастықты, әділеттілікті, ілгерілеуді басты бағдар етіп, сындарлы мұрат жолында аянбай еңбек етуде. Әлемдегі қалыптасып отырған қиындықтарды еңсерудің ерекше жолдарын, парасаттылықпен, жаңашылдықпен таба білуде. Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің сәл сырқаттанып қалғаныңыз бізді біраз мазасыздандырғанын жасырмаймыз. Біз Сізге барлық кезде де тілектес болдық. Тілеулес бола береміз. Қандай сырқаттан да сергектікпен, көтеріңкі көңіл-күймен, жедел жеңетініңізге сенеміз. Сізге мықты денсаулық, бақ-береке тілейміз! - деп қорытындылады сөзін облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
20 маусымда елордалық ХҚКО-лар жұмыс істемейді
Өзгелердің жаңалығы