Түркістан музыкалық драма театрында "Жалдамалы пәтер" премьерасы қойылды

Түркістан облысы мәдениет басқармасының "Түркістан музыкалық драма театры" 18-19 қаңтарда "Жалдамалы пәтер" спектаклін көрермен назарына ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Жалдамалы пәтер" шығармасы – Мұзафар Ғалымжанұлының тырнақалды туындысы. Театр ашылғалы бері еңбек етіп келе жатқан талантты жас актер осы жолы өзін автор әрі режиссер ретінде жаңа қырынан сынады. 

Қойылым тақырыбы – музыкалық драма мен комедия жанрлары ұштасқан махаббат хикаясы туралы. Аты айтып тұрғандай, қойылымның көтерер тақырыбы өте өзекті болды. Себебі басты кейіпкер – бала кезінен композитор болуды армандаған талантты жігіт Артур өнер байқауынан қайтсем де өтуім керек деп арман қала Астанаға келіп, пәтер жалға алып тұрады. Алайда жұмбақ жағдайда пәтерді Наз есімді өнерге құштар қыз да жалға алады. Бастапқыда екеуінің арасында түсініспеушілік жағдайлар орын алғанымен, қарым-қатынастары уақыт өте нәзік сезімге ұласады.

Астанадағы достары Артурдың байқаудан өтуіне тілектестік білдіріп, қолдаудың орнына досының арманы орындалмайтынын, бұл өмірде бәрін тек ақша шешетінін айтады. Дегенмен, арманшыл талантты Артур ешкімнің сөзіне мән бермей, өзінің еңбегінің арқасында арманына қол жеткізетініне сенеді. Осы тұста айтатын жайт: ақша кейде бәрін шеше бермейді, адамның өзіне деген сенімділігі жоғары болып, мақсат қойған жолда аянбай еңбек етсе, түбінде жеңіске жетелейтіні айқын. Қойылым барысында осы сюжет көрерменге ой сала алды деп ойлаймын. Еңбек – бәрін де жеңбек деп бекер айтылмаған, - деп пікір білдірді театрдың тұрақты көрермені Айман Қалдыбекқызы.

Фото: Айман Қалдыбекқызы

Оның сөзінше, қойылымның бір ерекшелігі – актерлер құрамы толықтай театр актерлері. 

Бұл дегеніміз, жас актерлердің өнер ордасының құрылғанына көп болмаса да, біраз тәжірибе жинақтап, театрдың одан әрі дамуына, өсуіне барынша өз ықпалдарын тигізуде. Бұл – қуанарлық жайт. Жаңа театрдың жас аткерлерінен көптеген жаңа дүниелер күтуге болады деген мол сенім ұялады. Айта кетерлігі, бұл қойылымға еліміздің Астана, Алматы қалаларынан да көрермендер келгеніне куә болдым. Бұл – театр ұжымына үлкен шабыт берері хақ, - деп атап өтті Айман Қалдыбекқызы.

Басты рөлдерде ойнағандар: Қадыржан Төреханов, Аяжан Жұмабек, Досымжан Арқабеков, Аида Серикова, Темірлан Еркінғалиев, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Ұлан Әділбек, Мейіржан Тұрсынов, Ақбала Ыбырайқызы, Болатбек Оспан және Мерей Құдайберген.

Қойылымның авторы және режиссері – Мұзафар Ғалымжанұлы, композиторы – Ербол Нариманұлы, көркемдік жетекшісі – Мадина Муратпекова.

Фото: Айман Қалдыбекқызы
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы