Түркістан музыкалық драма театрында «Мағжан» спектаклі қойылды

12-13 қарашада Түркістан музыкалық драма театры жас драматург Алмас Нүсіптің пьесасына қойылған «Мағжан» спектаклінің премьерасын көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Мағжан Жұмабаев – алаш қозғалысының қайраткері, ұлы ақын, ғалым, аудармашы. Ол  ағартушылық, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанған тұлға. Мағжан өлеңдерін  әлеуметтік мәселелерді көтеруге, халқын өнер-білімге шақыруға, махаббат тақырыбына арнады Өз поэзиясының алғашқы қадамдарынан бастап ақтық демі біткенге дейін Мағжан Жұмабаев ұлт азаттық тақырыбын үзбей толғады, оны өз поэзиясының өзегі етті. Түркі халықтарының бірлігі – Мағжан поэзиясының әуелден қалыптасқан алтын арқауы болды. 

Ағартушылық саласындағы  өмірі, махаббаты, ұлтқа  адал қызметі, қазақ даласын жайлаған аштық (1921-1922 жылдар) «Мағжан» спектаклінің тақырыбы. Көрермен спектакльден  жас Мағжанның, өмірге ғашық Мағжанның, елінің ауыр халі үшін шексіз азап шеккен, басын қатерге тіккен Мағжанның және бірнеше мәрте геноцидке ұшыраған қазақ халқының ауыр тағдырын көрді.

 «Мағжан» спектаклі  идеясының авторы және көркемдік жетекшісі - Айнұр Көпбасарова,  қоюшы режиссері-Davide Livermore (Италия) режиссер - Chiara Ocella, сценограф - Eleonora Peronetti, координатор-Deidda Petra композиторы-Хамит Шанғалиев, балетмейстері – Мадина Муратпекова, грим бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова.

Өткен жылы ғана ашылған жас театрдың актерлер құрамы да 25 жасқа дейінгі жастардан құралған. «Мағжан» пьесасын  жазып театрға ұсынған жас драматург –Алмас Нүсіп.  Рольдерде ойнайтын актерлердің дені жастар. Мағжан Жұмабаев өзі жырлап өткендей «Мен жастарға сенемін» идеясы Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында жалғасын табады десек артық айтқандық емес. Жастар – болашаққа бастар нақты істердің темірқазығы. Жастар қолдауы – мемлекеттің асқақ беделін айқын көрсете алатын ерекше күш.

Спектакльдің ғылыми кеңесшісі: ҚР ҰҒА Академигі, тарих ғылымдарының доқторы, алаштанушы, профессор Мәмбет Қойгелдиев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы