Түркістан музыкалық драма театрында бірінші рет Триптих сахналанды

Түркістан музыкалық драма театрында бірінші рет сахнада Триптих: «Гамлет», «Қарагөз», «Фауст» спектаклі қойылды, деп хабарлайды аймақтағы BAQ.KZ  тілшісі. 

Іс-шараға шығарманың сахнадағы нұсқасының авторы және режиссері Әлібек Өмірбекұлы мен қазіргі заманға лайықтап театр тіліне аударма жасаған Мирас Әбіл және әртістер қатысты.

Триптих өте жаңаша сарында дайындалған спектакль. Біздіңше Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» пьесасы әлем жауһарларымен қатар тұруға лайық. Сол себепті, біз Шекспир мен Гетенің дүниежүзі таныған шығармаларымен біріктіріп, триптих жасадық. Аталған үш шығармаға тән ортақ нәрсе – ол махаббат. Сахнаны дайындау барысы оңай болған жоқ. Қалған дүниені келіп тамашалаған көрермендер бағасын бере жатар, - деді режиссер Ә.Өмірбекұлы.

 «ТРИПТИХ»  – үш жазушының белгілі үш шығармасының сахналық варианты, яғни Шекспир, Әуезов, Гетені біріктіру. Бұл шығармалар шыққанға дейін қанша ғасыр өтсе де олар өзектілігін жоғалтпайды. Әлем деңгейіндегі туындылар тұңғыш рет қазақ театрының сахнасында ұсынылды. Айта кетейік, қойылым бірыңғай режиссерлік көзқарастарға негізделіп отыр.  

Бұл қойылымда «махаббат» ұғымының мағынасына басқаша қарау және классикалық туындыларға басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Режиссер Әлібек Өмірбекұлы спектакльді заманауи тілде ұсынған. Түркістан театрының актерлік құрамының жаңа бағыттағы әлеуетін ашу, театрға жаңаша тыныс әкелуде, «Триптих» спектаклінің берері мол. 

Естеріңізге сала кетейік, аталған спектакль кеше және бүгін екі күн қатарынан Түркістан музыкалық-драма театрында қойылады. Өз кезегінде театр ұжымы бір жылда бірнеше жетістіктерге жетті. Жақында Халықаралық «Исабеков әлемі» театр фестивалінің Гран-приін жеңіп алған болатын. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта театр труппасы Астана қаласындағы фестивальге қатысуда. Алдағы күндері қорытындысы шығарылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы