Түркістан: Коронавирусқа қарсы екпе қабылдағандардың қатары артып келеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысына 22 591 адам коронавирусқа қарсы екпе қабылдады. Оның 9 612-сі вакцинаның 2-ші компонентін салдырып үлгерген.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Алтын Мейрамбайқызы мәлімдеді.

Ол жиын барсында COVID-19 індетімен күресудің бірден-бір сенімді жолы екпе салу екенін айтты. 

Бүгінге дейін өңірімізге екпенің 23 400 дозасы жеткізілді. Қосымша сәуір айының соңына дейін 83 100 доза алынады деп күтілуде. Дегенмен, Түркістан облысында халық саны көп, екпе қабылдауға ниетті азаматтар санының артуына байланысты қосымша екпе алуға ұсыныстар әзірленуде, – деді облыстың бас дәрігерінің орынбасары.

Сондай-ақ, ол өңірде екпе салдырғандардың арасында ешқандай теріс әсерлер мен асқынулардың жағдайы тіркелмегендігін жеткізді. Вакцина қабылдаған адам ауру жұқтырған күннің өзінде жеңіл өткеруіне себеп болатыны айтылды.

Өз кезегінде облыстың бас санитариялық дәрігері Н.Нышанов Түркістан облысы жасыл аймақта екенін айтты.

Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайтынын, карантиндік талаптарды қатаң түрде сақтау керектігін ескертті. Айта кетейік, 7 сәуірде облыста COVID-19 індетімен 19 науқас, пневмониямен 16 адам тіркелген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы