Түркістан қалай түрленді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Оңтүстік Қазақстан облысы 2018 жылы Түркістан облысына өзгеріп, облыс орталығы Шымкенттен Түркістанға ауысуы қала үшін тағдыршешті оқиға болды. Тарихы терең Түркістан қаласы аса үлкен қарқынмен дами бастады.

Түркістанның іргетасы V-VІ ғасырларда қаланған. Есім ханнан бастау алып, XІV-ХVIIІ ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған.


 ХІV ғасырда Ақсақ Темір іргетасын қалаған Қожа Ахмет Яссауи кесенесі бар. Бұл қалада Қожа Ахмет Яссауи өзінің уағызшылық қызметін жүргізген.


Қожа Ахмет Яссауи кесенесі - XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. 


Қожа Ахмет Яссауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай зиярат ету орнына айналды.


Оның ғаламат екенін көзбен көргенде байқауға болады.


Кесене көлденеңінен – 46,5 метр, ұзындығы – 62,5 метр.


Сыртқы көрінісі симметриялы жинақы келген бұл құрылысқа үлкенді-кішілі 35 зал мен бөлме сыйып тұр. 


Олардың барлығы бір-бірімен қос қабатты 8 дәлізбен және әртүрлі өтпелі баспалдақпен жалғасып жатады.


Кесененің орталық залында алты ғасырлық тарихы бар қасиетті, алып қазан тұр.


Бұл қазан әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің тапсырысымен 1399 жылы Түркістан қаласының батысындағы 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде құйылған. 


Қазан сыртындағы арабтың гүлденген сульс және куфи қолтаңбалары мен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде оны Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне арналып жасалғаны туралы айтылады. 


Түпнұсқа найзалармен қоршалған.


Тайқазанның дәл жанында оның орташа өлшемдегі көшірмесі тұр. 


Зәулім ғимарат 8 түрлі бөлме тобынан тұрады. Оның ішінде асхана да бар. Асханада пеш, қазандық пен ыдыстар сақталған.


Түркістан облыс орталығына айналғалы жаңа нысандар көп салынып жатыр. 


Қала ескі және жаңа болып екіге бөлінген. Саябақтар абаттандырылып, амфитеатр, драма театр мен өзге кешендер салынып жатыр. 


Түркістан туралы барлық ақпаратты визит-орталыққа барып білуге болады. 


Онда қаланың макеті мен туристерге ұлттық нақыштағы заттардың көрмесі, мұражай бар. Кілем мен көрпешелердің ерекшелігін паш ететін бөлме де бар.


Түркістанда түрік компаниясы қолға алған «Керуен-сарай» кешені салынып жатыр. Оның құрамында демалатын аймақтар мен сауда орындары, демалатын нысан мен қонақ үйлер болады.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сұхбатында Түркістандағы кешеннің маңыздылығы туралы айтады.


Қазірдің өзінде Түркістанда бес жұлдызды екі қонақ үй (Hilton, Rixos) салынды. Ұзындығы бір шақырым болатын «Керуен-сарай» ашылады, оның ішінде қонақ үйлер, сауда-саттық орындары, басқа да мәдени нысандар болады. Сол кезде Түркістан баяғыдай туризм мен халық келетін орталық болады, - деген еді Назарбаев.

Қазақстанның кейбір шағын қалаларына барғанда кеңестік дәуірдің қолтаңбасын байқауға болатын.


Түркістаннан ондай сезілмеді, шығыстық стильді байқауға болады. Қаланың даму әлеуеті жоғары. Туристік орталыққа да айнала алады деп топшыладық. Түркі әлемінің астанасы болуға әбден лайық.


Жаса, Түркістан! 


Рухани астананың барлық кереметін тамашалауға мүмкіндік берген «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ мен Fly Arystan әуекомпаниясына алғысымыз шексіз.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы