Түркістан қаласының аймағы ну орманға айналмақ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазірде шаһарда жалпы алаңы 101 га құрайтын 24 саябақ, алаң және аллеялар бар.
Оның ішінде 70 га жуық аумаққа жайғасқан 13 нысанның құрылысы бір жылда бітті. Жалпы алаңы 30 гектардан асатын 3 нысанның құрылысы қарқынды жүруде. Солардың бірі – дендросаябақ.
Қаладағы құрылыс жұмыстарының барысын бақылаған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жасыл алаңдағы жұмыс барысымен танысты. Демалыс аймағындағы құрылысты көтеруге 400 адам жұмылдырылған. Бірегей жобаның жай-жапсарына тоқталған өңір басшысы қаланы жасыл желекке айналдыруға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Көгалдандыру ісі киелі шаһарды жел эрозиясынан сақтап, экологиялық ахуалын тұрақтандыру үшін, ең бастысы қолайлы климат қалыптастыру мақсатында жасалып жатыр. Егілетін ағаштар жергілікті климатқа төзімді болу керек. Газондар өсіріліп, жолаяқтар төселсін. Дендробақты заманауи, ең бастысы халыққа ыңғайлы демалыс кешеніне айналдыруға тиіспіз, - деді Өмірзақ Естайұлы.
Облыс орталығындағы Рухани-мәдени орталықты абаттандыру мақсатында ірі жобалар қолға алынып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ «Тұңғыш Президент саябағы», «Қ.А.Ясауи» кесенесі аумағын абаттандыру 4 кезеңмен жүзеге асуда.
Қазіргі таңда 1 және 2 кезең бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Өткен жылы құрылысы басталған Б.Саттарханов даңғылы бойындағы «Желілік саябақ», «Аттракциондар саябағы», «Оқушылар сарайы», «Конгресс орталығы», «Жабық бассейні бар спорт сарайы», «Орталық стадион» және «Қ.А.Ясауи мұражайы», «Драматеатр» ғимараттары шаһардың көрнекті орындарына айналды.