Түркістан: Бизнесті дамыту жүйесіне өзгерістер енгізілмек
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын насихатты талқылау, мәселелерді зерделеу мақсатында өңірдің бизнес қауымдастық өкілдері мен облыс активінің қатысуымен жиын өтті.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адал бизнесті дамыту, облыс аумағындағы кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершілікке шақыру да сөз болды.
Өмірзақ Естайұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде ел игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындауды тапсырғанын атап өтті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлер мен бизнес өкілдерімен кездесуінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға ерекше көңіл бөлді. 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жан-жақты талқылауды тапсырды. Президенттің тапсырмаларын сапалы және тиімді орындау, өңірімізде адал бизнесті жалғастыру бағытындағы ұсыныс-пікірлеріңізді білу үшін сіздермен арнайы кездесіп отырмыз, — деді облыс әкімі.
Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет агенттікпен арнайы әзірленген 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарын таныстырып, адал бизнесті дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын айтты. Тұжырымдама жобасымен таныстырды. Ол құжатқа сәйкес мемлекеттік сатып алу саласы реттеліп, ашықтыққа негізделеді, адалдығымен танылған компанияларға артықшылық беріледі.
Кездесуде бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілікті қалыптастыру бойынша ұсыныстар кең талқыланып, кәсіпкерлік саласында ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын енгізу мәселері ортаға салынды.