Түркістан: 2,5 млн түп сексеуіл егілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайға барар жолдың бойындағы 1700 гектардан астам алқапқа 2,5 млн түп сексеуіл көшеттері отырғызылды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Тағы 2500 гектар жерге 20 мың кг сексеуіл тұқымы себілді. Ал 400 гектардан астам алқапқа 125 мыңға жуық жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ Кентау тас жолының бойындағы 600 гектардан астам жерге 500 мың түрлі жапырақты ағаштар отырғызылды.

Сала мамандарының мәліметінше, отырғызылған жапырақты ағаш көшеттерінің көнімділігі орташа есеппен 65-70%-ды құрайды, сексеуіл көнімділігі 35-45 пайызды құрайды. Оның басты себебі – ауа райының әр түрлі болуы (көктем айынан бастап күннің ыстығы, желдің ұдайы тұруы, жердің құнарсыздығы және тұзданып кетуі). Жасыл белдеу құру жұмыстары аясында мердігерлермен келісімшарт жасалып, былтыр көктем, күз мезгілінде 1000 гектардан астам жерге жапырақты ағаштардың көшеттері отырғызылған. 2020 жылы күзгі санақтың қорытындысы бойынша, отырғызылған көшеттердің өнімділігі (өнімділігі) 23 пайызды құрайды.

Биыл көктемде мердігерлер 2 мың гектардан астам алқапқа жапырақты ағаш көшеттерін және 2600 гектар алқапқа сексеуіл ағашы көшеттерін отырғызған. Жалпы көшеттер отырғызылған алқаптың көлемі 5 мың гектарға жуық. Сондай-ақ «Жасыл аймақ» КММ-сі күшімен 3 мың гектардан асатын жерге жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы