Turkish Airlines әуе компаниясы Түркістан - Ыстамбұл бағыты бойынша ұшуларды бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 22 мамырда Turkish Airlines түрік әуе компаниясы Қазақстанның рухани астанасы Түркістан қаласынан Ыстамбұлға жаңа халықаралық тұрақты рейсті іске қосты.

Turkish Airlines әуе компаниясы осы рейстің ашылуын Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырды.

Түркістан және Ыстамбұл қалалары арасында тұрақты әуе қатынасы эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай кезең-кезеңімен ұлғая отырып, аптасына 1 рейс жиілігімен (сенбі) Б-737 типті әуе кемесінде орындалатын болады.

Билет құны 119 500 теңгеден басталады.

Алғашқы тұрақты рейс іске қосылған сәттен бастап (2020 жылғы 1 желтоқсан) Түркістан қаласының әуежайынан 160-тан астам рейс орындалып, 47 мыңға жуық жолаушы тасымалданды, рейстердің орташа коммерциялық жүктемесі 83%-ды құрады.

Азаматтық авиация комитеті мен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туризмді дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда Түркістан қ. әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Ыстамбұлға рейстер орындалуда және осы жылдың 2-ші жартыжылдығынан бастап түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістанды аптасына 50 рейс жиілігімен 10 облыс орталығымен (Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Петропавл, Талдықорған, Өскемен) қосу жоспарлануда, - делінген хабарламада.

Түркістан әуежайы шетелдік әуе компаниялардың ұшуы үшін "ашық аспан" режиміне енгізілген, бұл оны ұшу географиясын кеңейту үшін тартымды етеді және шетелдік туристер ағынын тартуға ықпал етеді.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 31 мамырынан бастап "Fly Arystan" әуе компаниясы Түркістаннан Бішкекке (Қырғызстан) жаңа рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Ташкентке (Өзбекстан) рейстің ашылуы қарастырылуда.

Рейстер санитарлық – эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компания сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалатынын атап өтеміз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы