Атамқұлов Түркі академиясының президентін қабылдады
Астана, baq.kz. Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Түркі академиясының президенті профессор Дархан Қыдырәлімен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Түркі академиясы қызметінің 2018 жылғы қорытындыларын талқылап, болашақтағы ынтымақтастықтың перспективалық бағдарларын бекітті.
Тараптар 2019 жылда өткізуге жоспарланған Түркітанушылардың дүниежүзілік конгресіне дайындық жұмыстарының барысын талқыға салды.
Сұхбат барысында айқындалғандай, Түркітанушылардың дүниежүзілік конгресі барша түркі әлеміне маңызы зор оқиға болып, дүниежүзілік түркітанудың қайта өркендеуіне және осы ғылымның бүгінгі күйін, жетістіктерін, мәселелері мен перспективалары терең сарапталып, жаңа көзқарастан өткізуге орасан зор ықпал етеді.
Б. Атамқұлов түркі ынтымақтастығының дамуы жаңа бір кезеңінде өтіп жатқанын және Мемлекет басшысы түркі интеграциясына өте маңызды мән беретінін атап өтті.
«Түркі халықтарының арасында бауырлас қатынастарды нығайту мен түркітану ғылымын түркі өркениетінің жетекшісі ретінде дамыту, сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында бекітілген қағидаттарды жүзеге асыру қажеттіліктерін ескере келе, министрлік осы сұрақтарға зор назарын аударатынын және жоспарланған іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуде жан-жақты қолғабыс көрсетеді» - деп сендірді министр.
Д. Қыдырәлі Сыртқы істер министрлік тарапынан Академия қызметіне көрсетілетін қолғабыс үшін үлкен алғысын білдірді. Кездесу шеңберінде ол 2019 жылдың ортасында ЮНЕСКО штаб-пәтерінде (Париж қ.) Түркі академиясына мүше-мемлекеттер ғалымдарының қатысуымен өтетін «Ұлы дала: мәдени мұра мен дүниежүзілік тарихындағы рөлі» атты іс-шара жөнінде ақпарат берді.
Түркі академиясы қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар саласы бойынша дүниежүзілік деңгейде кешенді түркологиялық зерттеулерді жүйелі түрде жүргізіп отырған ғылыми орталық және қазіргі заманғы мемлекетаралық және этносаралық интеграция жағдайында түркітану ғылымының бірден-бір үйлестірушісі болып табылады. Штаб-пәтері Астана қаласында орналасқан.