Түркі жұртына танымал Көшпенділер ойыны Қазақстанда
Астана қаласында 2024 жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында ең маңызды спорттық іс-шараның бірі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Ойынның тарихына үңіліп, BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрді.
5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тарихы
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өткізілетін халықаралық спорт жарыстары. Жарыстар орталық азияның тарихи көшпелі халықтарының ұлттық ойындарына негізделген. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары адамзат өркениетінің мұрасы ретінде этноспорттық және этномәдени қозғалысты дамытуға бағытталған. 2014, 2016 және 2018 жылдары алғашқы ойындар Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өтті. Ал 2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне кіреді. Жарысқа 2014 жылы – 19 елден 10 спорт түрінен 583 спортшы, 2016 жылы – 62 елден 26 спорт түрінен 1200 спортшы, 2018 жылы – 82 елден 37 спорт түрінен 2000 спортшы, 2022 жылы 102 елден 13 спорт түрінен 3 000 спортшы қатысты.
Көшпенділер ойыны Қазақстанда
2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге берген Қазақстанның өтінімін былтыр қыркүйек айында Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы бірауыздан қолдады. Түркістанда өткен құрылтайда Мемлекет басшысы Көшпенділер ойынының маңызын ерекше атап өткен еді.
Қазақтың тағы бір ерекшелігі – көне дәуірден бері келе жатқан өмір салты. Өзге елдер бізді көшпенділердің ұрпағы ретінде біледі. Бұл да – халқымыздың басты брендінің бірі. Келесі жылы менің шақыруыммен Қазақстанда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл қадам ұлттық спортты дамыта түсуге зор мүмкіндік береді. Сондықтан байрақты бәсекені жоғары деңгейде өткізуіміз керек, - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізде бұл дода Астана қаласында 2024 жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында өтеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жарыс бағдарламасына сәйкес спорттың 20 түрінен медальдар сарапқа салынады. Сонымен қатар спорттың 10 түрі арнайы таныстырылым ретінде көрсетіледі.
Ойындар қандай нысандарда өтеді?
Ойындарды өтізуге арнайы жаңадан ғимараттар салынбайды. 8 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында бәсекенің ашылу салтанаты өтеді. Ал Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен жарыстар, этноауыл аумағында – ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және саятшылық өнер жарыстары, «Думан» кешенінде – дәстүрлі интеллектуалды ойындар өтеді деп жоспарланған. «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша жарыстар өткізіледі. «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде ойынның аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасады. Ойынның жабылу салтанаты 13 қыркүйек күні «Қазанат» ипподромында өтеді. Қазіргі уақытта «Қазанат» ипподромында қайта жөндеу жұмысстары, «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз сарайында арнайы құрылыс жұмыстары жүргізліп жатыр.