Түркі мемлекеттеріндегі шұғыл медициналық көмек көрсетуді Қазақстан үйлестіреді
Астанада түркі мемлекеттерінің Денсаулық сақтау министрлерінің бесінші дәстүрлі кездесуі өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның аясында Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлері 2024 жылы құрылысы аяқталған Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы жұмысымен танысты. Сондай-ақ меморандумға қол қойылды.
Түркі мемлекеттерінің 200 миллионға жуық халқы бар. Біз бүгінгі меморандум аясында келісімге келдік. Түркі мемлекеттерінде шұғыл медициналық көмек көрсетудің үйлестіру орталығы ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық шұғыл медициналық орталығы белгіленді, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Министр Түркі мемлекеттерінің шұғыл жағдайларда бір-біріне көмектесу жұмыстары бұрыннан бар екенін атады. Алайда ол үйлестіру орталығы қажет болғанын айтты.
Біз осындай үйлестіру орталығы бүгінгі таңда қажет екенін түсініп, осы ұсынысты мына түркі мемлекеттерінің министрлеріне ұсындық, қолдау тапты. Сондықтан біздің орталық медициналық көмекті көрсететін үйлестіру орталығы болатын болды. Бұл – үлкен нәтиже, – деді Ақмарал Әлназарова.
Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі Еркін Чечейбаев Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы өзара көмекке ғана емес, тәжірибе алмасуға да бағытталғанын жеткізді.
Біз тек рухани ғана емес, географиялық жағынан да жақын көршіміз және азаматтарымыз шұғыл эвакуация мен жедел медициналық көмекке мұқтаж болатын жағдайлар жиі туындайды. Міне, бүгін Қазақстанның Ұлттық шұғыл медицина орталығында осы саладағы ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды.
Бұл құжат тек шұғыл көмек көрсету мен эвакуацияда өзара көмек көрсетуді ғана емес, сонымен қатар ғылыми ынтымақтастық, мамандарды оқыту, тәжірибе алмасу бағыттарын да қамтиды, - деді Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрі.
Еске салайық, 2025 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Түркі мемлекеттерінің ұйымына төрағалық етеді.