1 Қараша 2026, 15:55 Фото: kabar.kg

Түркі мемлекеттері ұйымының ықпалы артып келеді: Қазақстан үшін қандай мүмкіндік бар?

Түркі мемлекеттері ұйымы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық шеңберінен шығып, экономикалық, көлік-логистикалық және институционалдық байланыстарды тереңдетуге бет бұрды. Алайда ұйымның болашақтағы ықпалы саяси мәлімдемелермен емес, нақты сауда, инвестиция және бірлескен жобалардың нәтижесімен өлшенбек. Бұл туралы шығыстанушы-саясаттанушы Жанат Момынқұлов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық аренадағы рөлі біртіндеп кеңейіп, нығайып келеді. Бұрын ұйым аясында мәдени-тарихи және дипломатиялық ынтымақтастыққа басымдық берілсе, қазір экономикалық, көлік-логистикалық және геосаяси бағыттардың маңызы артып отыр.

Жанат Момынқұлов Анкара саммитінде қабылданған декларация осы өзгерістерді айқын көрсеткенін айтады. Құжатта 2027–2031 жылдарға арналған стратегия әзірлеу, сыртқы саясатты үйлестіру, сауда, энергетика, цифрлық инфрақұрылым және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері қамтылған.

Демек, Түркі мемлекеттері ұйымы енді тек мәдени жақындыққа сүйене бермей, мемлекеттердің нақты стратегиялық мүдделері тоғысатын алаңға айналып келеді. Дегенмен оның геосаяси немесе әскери блок еместігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да айтты, – дейді саясаттанушы.

Оның сөзінше, түркі мемлекеттерінің Ресеймен, Қытаймен, Еуропамен және өзге де халықаралық күштермен қарым-қатынасы әртүрлі. Ұйым құрамында Еуразиялық экономикалық одақ пен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдер, НАТО мемлекеті, бейтарап Түрікменстан, сондай-ақ Өзбекстан мен Әзербайжан сияқты қауіпсіздік саласында дербес бағыт ұстанатын мемлекеттер бар.

Сарапшы Анкара саммитінде Ресейдің «ТМҰ+» форматына ықтимал қатысуы туралы ұсыныстың да айтылуы ұйым төңірегіндегі геосаяси мүдделердің күрделене түскенін көрсететінін атап өтті.

Менің ойымша, Түркі мемлекеттері ұйымының болашақ ықпалы Еуразиядағы экономикалық, көлік-технологиялық байланыстарды қаншалықты тиімді ұйымдастыра алатынымен анықталады, – дейді ол.

Экономикалық интеграцияға не кедергі?

Саясаттанушы түркі мемлекеттерінің экономикалық әлеуеті зор болғанымен, өзара сауда мен өндірістік ынтымақтастық мүмкіндіктері әлі толық пайдаланылмай отырғанын айтады. Бұған бірнеше фактор әсер етеді.

Атап айтқанда, көлік шығындарының жоғарылығы, Каспийдегі порттар мен паром инфрақұрылымының шектеулілігі, кедендік рәсімдердің әркелкілігі, техникалық стандарттардың айырмашылығы және бірлескен өндірістердің жеткіліксіздігі экономикалық байланыстарды тереңдетуге кедергі келтіреді. Бұған қоса, ұйымға мүше елдердің халықаралық экономикалық міндеттемелері де әртүрлі.

Осыған байланысты сарапшы жақын арада Еуропалық одақ немесе Еуразиялық экономикалық одақ үлгісіндегі бірыңғай экономикалық кеңістік құрудан гөрі, нақты салалар бойынша ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндігі жоғары екенін айтады.

Анкара декларациясында Орта дәлізбен қатар Зангезур бағыты, Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан және Транс-Ауған теміржол жобаларының маңызы атап көрсетілді. Сондай-ақ көлік дәліздерінің ортақ стратегиясын әзірлеу, кедендік рәсімдерді жеңілдету және электрондық құжат айналымын дамыту ұсынылды, – дейді Жанат Момынқұлов.

Сарапшы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің «Түркі әлемі – 100» бастамасына да назар аударды. Бұл бастама жүз бірлескен инвестициялық-өнеркәсіптік жобаны жүзеге асыруды көздейді. Оның пікірінше, мұндай жобалар шикізат саудасынан бірлескен өндіріс пен технологиялық кооперацияға көшуге мүмкіндік беруі мүмкін.

Түркі интеграциясының келесі кезеңінде үш міндет маңызды: тасымал құнын төмендету, кедендік рәсімдерді біріздендіру және бірлескен өндірістерді көбейту. Өйткені экономикалық интеграцияның нәтижесі тауар айналымының өсуімен, инвестициялардың нақты іске асуымен және кәсіпкерлерге жасалған жағдаймен өлшенуге тиіс, – деп түсіндірді ол.

Қазақстанның түркі әлеміндегі орны қандай?

Жанат Момынқұлов Қазақстан үшін Түркі мемлекеттері ұйымы көпвекторлы сыртқы саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл ұйыммен ынтымақтастық Ресеймен, Қытаймен немесе Батыс елдерімен қарым-қатынасты алмастырмайды. Керісінше, Қазақстанның сыртқы экономикалық және дипломатиялық мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Сарапшының сөзінше, Қазақстанның негізгі үлесі көлік-логистика, сауда, энергетика және институционалдық ынтымақтастық салаларында байқалады.

Анкара саммитінде Президент Тоқаев Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен тауар айналымы 40 пайызға өскенін, ал теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 40 миллион тоннаға жуықтағанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіштер экономикалық байланыстардың кеңейіп жатқанын көрсетеді, – дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Қазақстан үшін әсіресе Транскаспий бағытын дамыту, Ақтау мен Құрық порттарының мүмкіндіктерін кеңейту, Әзербайжан және Түркия арқылы Еуропа нарықтарына шығу маңызды.

Сондай-ақ сарапшы Анкара декларациясында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Каспий теңізі арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісінің аталуы назар аударуға тұрарлық екенін айтады. Бұл түркі ынтымақтастығының көлік саласымен шектелмей, цифрлық инфрақұрылымға да кеңейіп жатқанын көрсетеді.

Жанат Момынқұлов Қазақстанның бастамаларын Өзбекстанның өсіп келе жатқан экономикалық және дипломатиялық белсенділігімен қатар қарастыру қажет деп санайды. Оның пікірінше, Орталық Азияда тиімді ынтымақтастық орнату үшін Астана мен Ташкенттің өзара үйлесімді әрекеті маңызды.

Қазақстанның түркі әлеміндегі рөлін тек көшбасшылық тұрғысынан бағалау жеткіліксіз. Негізгі мәселе – еліміздің Орталық Азия, Каспий, Кавказ және Түркия арасындағы экономикалық байланыстарды дамытуға қаншалықты нақты үлес қосатынында. Бұл Қазақстанның стратегиялық автономиясын күшейтуге мүмкіндік береді. Бірақ ол үшін дипломатиялық келісімдер нақты инвестицияларға, жаңа өндірістерге және сенімді көлік бағыттарына айналуға тиіс, – дейді ол.

Түркі интеграциясының болашағы неге байланысты?

Сарапшының пайымдауынша, Анкара саммиті Түркі мемлекеттері ұйымының мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтан кеңірек экономикалық және институционалдық интеграцияға ұмтылып отырғанын көрсетті. Дегенмен ұйымның ықпалын үлкен геосаяси блокқа айналуымен емес, мүше мемлекеттердің нақты экономикалық мүдделерін қаншалықты үйлестіре алуымен бағалау қажет.

Қазақстан үшін түркі интеграциясының негізгі құндылығы – ұлттық егемендікті сақтай отырып, көлік бағыттарын әртараптандыру, экономикалық байланыстарды кеңейту және Орталық Азияның халықаралық мүмкіндіктерін арттыру. Сондықтан Түркі мемлекеттері ұйымының келешегі саяси ұрандармен бітпейді, қайта нақты жұмыс істейтін көлік дәліздеріне, бірлескен кәсіпорындарға, инвестицияларға және өзара тиімді ынтымақтастыққа байланысты болмақ, – деп түйіндеді Жанат Момынқұлов.