Бүгiн 2026, 15:05 Фото: кейіпкердің мұрағатынан

Түркиялық сарапшы: Түркі мемлекеттері ұйымының күші – экономикада

Сарапшы түркі әлемінің болашағы экономика, білім және қорғаныс саласындағы бірлікке байланысты екенін айтты.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға сапары аясында санаулы сәттерден соң Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті басталады. Жиында жасанды интеллект, цифрлық даму, экономика және өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланбақ. Осыған байланысты BAQ.KZ тілшісі саясаткер, тарих ғылымдарының докторы, Каһраманмараштағы Түрік орталығының төрағасы Бахтияр Мурат Араспен сұхбаттасып, Қазақстанның түркі әлеміндегі рөлі, Түркі мемлекеттері ұйымының болашағы және Түркия мен Қазақстан арасындағы стратегиялық байланыс туралы пікірін білді.

Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыс тек дипломатиялық серіктестікпен шектелмейді. Түркиялық саясаткер, тарих ғылымдарының докторы және әлеуметтанушы, Кахраманмараштағы Түрік ошақтарының төрағасы Бахтияр Мұрат Арастың пікірінше, бұл – тарихи тамыры терең, рухани тұрғыдан жақын екі халықтың қайта қауышуы.

Ол Қазақстанды түркі әлемінің болашағында шешуші рөл атқаратын мемлекеттердің бірі деп есептейді. Сарапшының айтуынша, қазіргі әлемде геосаяси тепе-теңдік өзгеріп жатқан шақта Қазақстанның стратегиялық маңызы одан әрі арта береді.

«Мың жылдан кейін қайта қауышқан бауырлармыз»

Бахтияр Мурат Арас Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты ерекше сезіммен сипаттады. Оның сөзінше, түрік халқы Қазақстанды жай ғана серіктес мемлекет емес, тарихи тұрғыдан жақын бауыр ретінде қабылдайды.

Қазақстан мен Түркия туралы айтқанда, біз үшін ең алдымен мың жылдан кейін қайта қауышқан екі бауырдың кездесуі ойға келеді. Біздің Қазақстан–Түркия байланысына деген көзқарасымыздың түйіні – осы. Біз мұны мың жыл бойы сағынып жүрген бауырымызбен қайта табысқандай сезіммен қабылдаймыз, – деді ол.

Сарапшы Қазақстанның Түркістан кеңістігіндегі орны ерекше екенін айтты. Оның пікірінше, Қазақстанның географиялық орналасуы, жер көлемі, табиғи ресурстары мен көрші елдермен байланысы оны бүкіл түркі әлемі үшін стратегиялық мемлекетке айналдырып отыр.

Қазақстан – түркі жұрты үшін аса маңызды геосаяси әрі стратегиялық мемлекет. Маңызды сауда жолдарының бойында орналасуы, Қытаймен, Ресеймен және өңірдегі басқа елдермен байланысы Қазақстанның салмағын арттырады. Біз Қазақстанмен қарым-қатынасты өте маңызды деп санаймыз. Болашақтағы жаңа геосаяси тепе-теңдікте Қазақстанның маңызы бұдан да күшейе түседі деп сенеміз, – деді Бахтияр Мурат Арас.

Түркі мемлекеттері ұйымының күші экономикаға байланысты

Түркиялық сарапшы Түркі мемлекеттері ұйымының саяси және экономикалық ықпалы уақыт өте келе күшейе түсетінін айтты. Бірақ ол үшін ең алдымен экономикалық ынтымақтастықты тереңдету қажет екенін ерекше атап өтті.

Оның сөзінше, экономикасы әлсіз мемлекеттің саяси ықпалы да әлсіз болады.

Бүгінгі әлемдегі соғыстар мен қақтығыстардың түпкі себебі – экономика. Сондықтан Түркі мемлекеттері ұйымының саяси қуаты артуы үшін ең алдымен экономикалық ынтымақтастық күшеюі керек. Экономикасы әлсіз елдің саяси ықпалы да мықты болмайды. Мұны тарихтың өзі дәлелдеп отыр, – деді ол.

Сарапшы түркі әлемінің географиялық ауқымына да назар аударды.

Біз Еуропаның ортасынан Қытай шекарасындағы Шығыс Түркістанға дейін созылған алып кеңістікте өмір сүріп отырған үлкен халықпыз. Бұл аумақ – сауда жолдарының да, энергия дәліздерінің де өзегі. Бірақ бөлшектенген құрылымымыз Ұлы Түркі халқының экономикалық қуатын әлсіретті, – деді ол.

Бахтияр Мұрат Арастың пікірінше, түркі елдері Қытаймен, Ресеймен, Үндістанмен және басқа мемлекеттермен қарым-қатынасты сақтай отырып, ең алдымен өзара экономикалық тәуелсіздік пен қолдауға негізделген жүйе қалыптастыруы керек.

«Ортақ білім жүйесі қажет»

Сарапшы тек саясат пен экономика емес, білім мен кәсіби байланыстар да түркі интеграциясының маңызды бөлігі екенін айтты.

Ол осы бағытта Түркия мен Қазақстан арасындағы салалық ынтымақтастықты күшейту қажет деп санайды.

Түркия мен Қазақстан арасындағы барлық кәсіби ұйымдардың, барлық салалық ынтымақтастықтың ортақ мақсатқа бағытталғанын қалаймыз. Мен өзім фармацевтика саласында «Түркі әлемі фармацевтер одағы» жобасын ұсындым. Себебі ең маңызды мәселе – білім бағдарламалары, оқыту жүйесі, тіл, дәрі-дәрмек атаулары және студент алмасу бағыттарында ортақ мүмкіндіктер қалыптастыру, – деді ол.

Бахтияр Мурат Арас түркі елдеріне ортақ білім жүйесі мен ортақ оқыту стандарты қажет екенін айтты.

Бізге ортақ білім жүйесі, ортақ оқыту стандарты, ортақ тілдік орта қажет. Бұл жас буынның кез келген жерде жұмыс істеуіне, дамуына және өз халқының ішінде өсіп-өркендеуіне жол ашады, – деді сарапшы.

«Түркі халқы – әскери халық»

Сарапшы Қазақстан мен Түркия арасындағы қорғаныс саласындағы байланысты да ерекше атап өтті.

Оның пікірінше, түркі халықтарының әскери дәстүрі мыңжылдықтардан бастау алады.

Біз әскери жүйенің негізін қалаған халықтың ұрпағымыз. Әлемдегі әскери тәртіп пен әскери құрылымның іргесін қалаған мемлекет дәстүрі туралы айтып отырмыз. Онбасы, мыңбасы секілді әскери атақтардың барлығы біздің 2000-2500 жылдық әскери тарихымыздан бастау алады, – деді ол.

Бахтияр Мурат Арас қазіргі соғыс технологиялары түбегейлі өзгергенін айтты. Оның сөзінше, бүгінгі әлемде дрондар, зымырандар мен ұшқышсыз аппараттар жаңа кезеңнің басты қаруына айналған.

Түркия қорғаныс өнеркәсібінде үлкен серпіліс жасады. Енді осы тәжірибені бауырлас елдермен бөлісу – Түркия Республикасының маңызды міндеттерінің бірі. Әсіресе әскери академиялар мен әскери университеттер арасындағы байланыстар өте маңызды, – деді сарапшы.

«Қазақстанға барғанымда өз үйіме келгендей болдым»

Бахтияр Мурат Арас Қазақстанға жасаған сапары туралы да ерекше әсермен айтты. Оның сөзінше, Қазақстандағы түркі халықтарының Түркиядан барған қонақтарға көрсеткен құрметі оған ерекше әсер қалдырған.

Қазақстанға барғанымда өз үйіме келгендей болдым. Біз – бір халықтың әртүрлі географияда өмір сүріп жатқан ұрпағымыз. Біздің тарихи миссиямыз да, мәдениетіміз де ортақ, – деді ол.

Сарапшы түркі әлеміндегі жастардың бірлікке деген ықыласы күшейіп келе жатқанын атап өтті.

Қазақстандағы жастар да, Түркиядағы және басқа түркі елдеріндегі жастар да бұл бірлікке тез бейімделеді деп ойлаймын. Ал мұның жүзеге асуы болашақтағы саяси бірлігіміз бен ортақ күшіміз үшін аса маңызды. Біз бұл жолда нық қадаммен келе жатырмыз және үлкен жетістікке жетеміз деп сенемін, – деп түйіндеді Бахтияр Мурат Арас.