Бүгiн 2026, 14:46 Фото: Жасанды интеллект

Түркі мемлекеттері ұйымы Қазақстанға не береді? Ықпалдастықтың 4 негізгі тиімділігі

Бұл мәселеге қатысты сарапшының ойын білдік.

Түркі мемлекеттері ұйымының ықпалы мен болашағы соңғы жылдары жиі талқыланып жүр. Ұйым аясындағы саяси және экономикалық байланыстардың күшеюі Орталық Азиядағы жаңа интеграциялық үрдістерге жол ашты. Осыған байланысты Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, PhD докторы, саясаттанушы Еркебұлан Жұмашевпен сөйлесіп, ұйымның қазіргі рөлі мен Қазақстан үшін маңызы туралы сұрап көрдік.

Саясаттанушының сөзінше, бастапқы жылдары эмоциялық және сентименталды көзқарас басым болған түркі тілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықта соңғы жылдары прагматикалық және рационалды диалог артып келеді. 

Ұйымға мүше мемлекеттер өзара бауырластық және тарихи тамырластық туралы салтанатты баяндамалармен шектелмей, сауда-экономикалық, инвестициялық, халықаралық мәселелерде ортақ көзқарас сияқты практикалық дискуссияларды өрбітуде. 2023 жылы Түркі мемлекеттері ұйымы арасындағы алғашқы ортақ қаржы институты  – Түркі инвестициялық қорының құрылуы, 2024 жылы түркі тілдес халықтардың ортақ әліпбиінің жаңарған нұсқасының қабылдануы осының айғағы, - дейді Еркебұлан Жұмашев. 

Оның сөзінше, осы ұйым аясындағы ықпалдастықтың Қазақстан үшін тиімділігі көпқырлы. 

Ол республиканың сыртқы саясатында көпвекторлы ұстанымды сақтаудан аймақтағы көршілермен байланысты күшейтуге дейінгі дипломатиялық, түрлі кикілжіңдер салдарынан жаһандық сауда каналдары бұзылған кезеңде Еуропамен және басқа халықаралық әлеммен байланыстырудан бастап инвестиция тартуға дейінгі экономикалық, алып державалармен байланыстарда балансты сақтауға көмектесуден бастап халықаралық бастамалар үшін қажетті қолдау алуға дейінгі саяси, тарихи-мәдени идентификацияға негізделген туризм және ұлттық өнімдер нарығын кеңейтуден бастап ұлттық кодты сақтаудың шарттарын қамтамасыз етуге дейінгі әлеуметтік бағыттарды қамтиды, - дейді сарапшы.   

Саясаттанушы КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіздігін алған түркі тілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы бастамаларды алғаш ілгерілеткен Түркия Республикасы болғанын атап өтті. 

Түркия Республикасы бұл мемлекеттердің тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаумен шектелмей, сондай-ақ, саяси-дипломатиялық, әлеуметтік-мәдени, сауда-экономикалық каналдардың жандануына күш салды. Анкарадағы саясаткерлердің мұндай көзқарасын түрік қоғамындағы ішкі саяси-идеологиялық, экономикалық негіздерден бастау алғанын айтып өткен жөн. Қазақстан бұл бастамаларды іліп әкетіп, түркі тілдес мемлекеттер арасындағы коммуникация каналдарының тұрақты дамуына, осы байланыстардың тұрақтылығын қамтамасыз ететін халықаралық ұйымдардың құрылуына белсене араласты, екіжақты және көпжақты қарым-қатынастардың жандануын дәнекерлеуде көшбасшылық жүкті алды, - дейді сарапшы. 

Ал Қазақстан ТҮРКСОЙ, ТүрікПА, Түркі академиясы және Түркі инвестициялық қоры сияқты ұйымдарды құруға мұрындық болды. 

Сондықтан түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі деңгейге көтерілуінде бірден-бір рөл Қазақстанға тиесілі, - дейді Еркебұлан Жұмашев. 

Сарапшының сөзінше, соңғы жылдары Түркі мемлекеттері ұйымының ықпалы күшейгендігі туралы көзқарастың тарауына екі шарт ықпал еткен. 

Алдымен түркі тілдес мемлекеттердің өз ішкі-сыртқы саясатындағы өзгерістер. Халықаралық бейтараптық ұстанымды сыртқы саясаттың субстанциясы еткен Түркіменстан және сырт күштермен қарым-қатынаста «тең алшақтық» сақтауға ұмтылған Өзбекстан күні кешеге дейін қашықтық сақтауға ұмтылса, ішкі саяси кикілжіңдер Қырғызстанның және көрші мемлекеттермен арадағы салқын қатынастар Әзербайжанның әлеуетін шектеді, - дейді ол. 

Алайда соңғы жылдары түркі тілдес мемлекеттердің жандануына жол ашқан факторлар артты. 

Әзербайжан көршісі Армениямен арадағы даулы мәселені реттеуге көшті, жоғары билік ауысқаннан кейін Өзбекстан халықаралық байланыстарды жақындатуға бүйрек бұрды, Түркіменстан аймақтық байланыстарды дамытуға оң қабақ танытып, 2021 ж. бақылаушы мәртебесімен қосылды. Оған қоса Венгрия да бұл ұйымға жақындап, 2018 ж. бақылаушы мәртебесін алды. Осы өзгерістер ұйымның беделіне позитивті имидж берді, - дейді сарапшы. 

Екіншіден, саясаттанушының сөзінше, халықаралық және геосаяси кикілжіңдер «орта дәліз» аталған транзиттік географияда орналасқан елдердің кеңістіктік маңыздылығын жоғарылатты. 

«Жібек жолы» аталған бағзы сауда каналының тармақтарымен мәндес «орта дәліз» Қытай мен Еуропаны жалғастырушы тамырға айналу әлеуетіне ие және бұл жол түркі тілдес халықтар мекендеген жерден өтеді, - дейді сарапшы. 

Оның сөзінше, құрамында Қазақстан бар және кілт рөлге ие ұйым ықпалының күшеюі республика үшін жағымды үрдіс. 

Бұл бірақ мемлекеттің сыртқы саясаттағы ұстанымын түбегейлі өзгертуге әкелмейді. Өйткені Қазақстан осы жылдар ішінде өзінің сыртқы саясатта ұстанымы орнықты, дәстүрі қалыптасқан, кез келген прагматикалық әріптестікке ашық ел ретінде танытты. Сондықтан бұл ұйымды республика сауда-экономикалық қатынастарды жандандыру, ал саяси-дипломатиялық тұрғыдан сыртқы саясаттағы басқа күштермен баланс сақтау тұрғысынан прагматикалық бағытта қолдануды жалғастыратыны анық, - дейді Жұмашев. 

Саясаттанушы түркі елдері арасындағы экономикалық және саяси байланыстарының дамуы Қазақстанға қандай нақты пайда әкелуі мүмкін екенін түсіндірді. 

Тарихқа үңілсек, онда сыртқы қоғамдарға жабық мемлекеттердің өркендеуі қиын екені аңғарылады. Басқа жұрттармен өзара тиімді қарым-қатынастарға ашық, ынтымақтастыққа белсенді мемлекеттердің бақуаты артқан. Теориялық тұрғыдан, халықаралық қатынастардағы либерализм көзқарасы – халықаралық ұйымдар, халықаралық құқық, өзара сауда, елдер арасындағы келісімшарттар мемлекеттер арасындағы соғысты шектейтінін дәйектейді, - дейді сарапшы. 

Сонымен қатар, Еркебұлан Жұмашев экономикалық либерализм мемлекеттер арасындағы еркін сауданың әр қоғамның өз әлеуетіне сәйкес өнімдер шығарып, бәсекелік қабілетіне орай мамандануына, сол арқылы өнімділікті жоғарылатып, жалпы бақуаттылықты арттыратынына сенетінін атап өтті. 

Сондықтан кез келген халықаралық байланыстар мен коммуникацияның артуының экономикалық және саяси-дипломатиялық пайдасы мол. Осы контекстте тарихи-мәдени, географиялық-кеңістіктік, саяси-экономикалық негіздерді алға тартып кез келген екіжақты, көпжақты ынтымақтастықты дамытуға көңіл бөлу мемлекеттің жаңа сапалық деңгейге көтерілуі үшін қажетті шарт. Мысалы, Дүниежүзілік банктің 2020 жылғы талдауы бойынша «Бір белдеу, бір жол» жобасы Қазақстанның жалпы ішкі өнімін 6,5%-ға арттыруы мүмкін. Осының өзі сауда-экономикалық байланыстар, оның аясындағы инфрақұрылымдық жобалар мемлекет пен оның халқы үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді, - дейді маман. 

Еркебұлан Жұмашев Қазақстан орналасқан аумақ – түрлі факторларға байланысты өзара байланыстар әлсіз дамыған география екенін атап өтті.

Ауғанстан, Иран, Әзербайжан-Армения, Ресей-Украина, Үндістан-Пәкістан т.б. кикілжіңдер мен тұрақсыздықтар осы кеңістіктегі барлық мемлекеттердің дамуын шектеуші себептер қатарында. Мұндай жағдайда  Түркі мемлекеттері ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі т.б. сияқты блок емес, ынтымақтастықты ілгерілеткен платформалар сапалы жұмыс істегенде ғана сан жылдық кикілжіңдер жібиді. Қазақстан үшін осындай диалог форматтарын тұрақты жүруін қамтамасыз ету, оған мүше мемлекеттер санын көбейту мемлекеттің имидждік тұрғысынан ғана емес, геосаяси тұрақтылықты, халықтың бақуатын қамтамасыз етуге көмектесетін фактор, - деп түйіндеді сарапшы.