30 Қазан 2026, 16:45 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

«Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматы: Ресеймен ынтымақтастықтың қандай мүмкіндіктері бар?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Анкара қаласында өткен XIII саммитінде Ресейді «Түркі мемлекеттері ұйымы+» форматына ынтымақтастыққа шақыруды немесе ұйымға бақылаушы мәртебесінде қатыстыруды ұсынды. Бұл бастама түркі әлемінің ғылыми және мәдени байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік беруі мүмкін. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Азияны зерттеу бөлімінің басшысы Айдар Құрмашев пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымының бақылаушы елдермен жұмыс істеу тәжірибесі бар. Олардың қатарында Венгрия мен Түрікменстан бар. Президенттің ұсынысы ұйымның сыртқы байланыстарын кеңейту жолдарын талқылаудың жалғасы саналады.

Түркі мәдени кеңістігі Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің шеңберінен әлдеқайда кең. Ресейде тарихи тұрғыдан татарлар, башқұрттар, якуттар, ноғайлар және өзге де түркі халықтары өмір сүреді. Олар өз тілдері мен дәстүрлерін сақтап келеді. Меніңше, бұл бастаманың маңызды тұсы – олардың ғылыми және мәдени мекемелерімен ынтымақтастыққа тұрақты сипат беру мүмкіндігі. Университеттер үшін бірлескен зерттеу бағдарламалары мен академиялық алмасулар, ал музейлер үшін коллекциялармен жұмыс істеу және көрмелер ұйымдастыру бағыттары маңызды болмақ, – дейді Айдар Құрмашев.

Сарапшы ықтимал ынтымақтастық бағыттарының бірі ретінде Алтын Орда мұрасын зерттеуді атады. Оның пікірінше, бұл тақырып қазақ, татар және ноғай халықтарының тарихымен тығыз байланысты.

Айта кетейік, Астанада бұған дейін Татарстан өкілдері қатысқан Алтын Орданың тарихы мен мәдениетіне арналған халықаралық симпозиум өткен. Сарапшы жаңа ынтымақтастық форматы осындай зерттеулерді жалғастыруға және олардың нәтижелерін академиялық ортадан тыс кеңінен таратуға ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.

Нақты қадамдардың бірі тарихи дереккөздерді бірлесіп жариялау бағдарламасы болуы мүмкін. Қазақстандық және ресейлік ғалымдар, соның ішінде Татарстан зерттеушілері әртүрлі қорлардағы материалдарды салыстырып, аудармалар мен ғылыми түсініктемелер дайындай алар еді. Ортақ цифрлық каталогтар зерттеушілерге қажетті құжаттарды табуға көмектеседі. Осы негізде тарихи байланыстарды нақты деректер арқылы көрсететін музей экспозициялары мен білім беру материалдарын әзірлеуге болады, – дейді ол.

Айдар Құрмашевтің пікірінше, мұндай ынтымақтастық Қазақстан үшін өз тарихына қатысты материалдарға қолжетімділікті кеңейтіп, отандық ғалымдардың халықаралық зерттеулерге қатысуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар сарапшы бірлескен ғылыми жұмыста тарихи оқиғаларды түсіндіруде әртүрлі көзқарастардың болуы қалыпты жағдай екенін атап өтті. Мұндай пікір айырмашылықтары дереккөздер мен ғылыми дәлелдер негізінде талқылануы керек.

Егер дипломатиялық бастама нақты қаржыландыруы мен жауапты мекемелері белгіленген бағдарламаларға ұласса, оның нәтижесін жарияланған құжаттар, аяқталған зерттеулер және даярланған мамандар арқылы бағалауға болады, – деп айтты сарапшы.