Түркі мемлекеттері Бас консулдарының жиыны өтті
19 қаңтарда Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен Бас консулдардың бейресми кездесуі ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сапиев, Түркия Сыртқы істер министрлігінің Ыстанбұлдағы өкілдігінің басшысы Елші Айше Сөзен Услуер, Түркі инвестиция қорының басшысы Бағдат Амреев, Әзербайжанның Бас консулы Нармина Мустафаева, Қырғызстанның Бас консулы Лира Сыдыкова, Мажарстанның Бас консулы Др Атилла Пинтер, Туркіменстанның Бас консулы Мухамметнур Овезов, Қазақстанның Бас консулы Нуриддин Аманқұл қатысты.
Кездесу барысында дипломаттар Бас консулдықтар деңгейінде бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және әлеуетті ортақ бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін жан-жақты талқылады.
Түркия Сыртқы істер министрлігінің Ыстанбұлдағы өкілдігінің басшысы Елші Айше Сөзен Услуер Түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты тереңдету маңыздылығына тоқталып өтіп, Қазақстанның Түркі мемлекеттер ұйымында төрағалық мерзімі шеңберінде өткізілген аталған басқосудың өзектілігін атап өтті.
Басқосуға қатысқан Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркменстан Мажарстан дипломаттары Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығына ұйымдастырылған іс-шара үшін алғыс білдіріп, түрлі бағыттар бойынша өзара қарым-қатынастарды дамытуға дайын екендіктерін растады.