22 Тамыз 2026, 12:29 Фото: ©BAQ.KZ/Аида Батухан

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ортақ кітабы жарық көрді

Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің орталық сайлау органдары консультативтік платформасының жұмыс отырысы өтті. Жиында түркі елдерінің сайлау жүйелері туралы материалдар жинағы таныстырылып, сайлау саласындағы ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және жаңа технологиялардан туындайтын қауіп-қатерлер талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жиынға Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан, Түркия және Өзбекстанның орталық сайлау органдарының басшылары, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы, ТҮРКПА және Түркі академиясының өкілдері қатысты.

Отырыста сөз алған Әзербайжан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазахир Панахов жаңа жинақ түркі елдерінің сайлау жүйелерін тереңірек танып-білуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

2025 жылдың мамыр айында Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының өзге де құрылымдары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдірудің негізі қаланды. Бүгін таныстырылып отырған кітапта біздің сайлау жүйелеріміздің ерекшеліктері көрініс тапқан. Бұл бір-біріміздің сайлау жүйелерімізбен жақынырақ танысуға берік негіз қалыптастырады. Жинаққа мүше мемлекеттердің барлығы өз үлесін қосты. Сондықтан бұл – ұжымдық еңбек, – деді Мазахир Панахов.

Қырғыз Республикасы Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Тынчтык Шайназаров та басылымның практикалық маңызына тоқталды.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің орталық сайлау комиссиялары бірлесіп әзірлеген бұл кітаптың маңызы зор. Ол, бір жағынан, елдеріміздің сайлау заңнамасын салыстырып, бір жүйеде зерделеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ортақ бастамаларымыз Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы ықпалдастықты одан әрі дамытуға және әр мемлекеттің осы ортақ іске өзіндік үлес қосуына жол ашады, – деді Тынчтык Шайназаров.

Ал Түркия Республикасы Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта консультативтік платформаның жұмысы тек тәжірибе алмасумен шектелмей, сайлау қауіпсіздігіне төнетін жаңа қатерлерге бірлесіп жауап беруге мүмкіндік беретінін айтты.

Түркі мемлекеттері ретінде бізді ортақ тарих, мәдениет, тіл және рухани құндылықтар байланыстырады. Бүгінде бұл платформа тарихи әрі мәдени бірлігіміздің ғана емес, демократиялық институттарымыздың, мемлекеттік құрылымдарымыздың және сайлау қауіпсіздігінің де маңызды тірегіне айналып отыр, – деді ол.

Сердар Мутта сайлау процестерінде deepfake технологияларын пайдаланудан туындайтын тәуекелдердің алдын алу және оларды азайту жөніндегі негізгі қағидаттар құжатының әзірленуіне ерекше тоқталды.

Оның айтуынша, жасанды интеллект көмегімен жасалатын deepfake және өзге де манипуляциялық контент сайлау қауіпсіздігіне, сондай-ақ сайлаушылардың еркін таңдауына тікелей қатер төндіреді.

Осындай жаһандық сын-қатер жағдайында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер ретінде ортақ қағидаттарға негізделген ұстаным қалыптастыру – біздің тарихи жауапкершілігіміз. Сайлау қауіпсіздігі, ақпараттың ашықтығы, ресми ақпарат арналарының тиімді жұмысы және дезинформациямен күрес біз үшін де аса маңызды, – деді Сердар Мутта.

Өзбекстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Зайниддин Низамходжаев елдердің сайлау органдары арасындағы тұрақты байланыстың маңызына назар аударды.

Бүгін біз сайлау өткізуге байланысты маңызды мәселелерді талқылау, тәжірибе алмасу және елдеріміздің сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін бас қосып отырмыз. Мұндай ықпалдастық мемлекеттеріміздегі сайлау процестерінің ашықтығы мен легитимділігін одан әрі арттыруға ықпал етеді деп сенемін, – деді ол.

Зайниддин Низамходжаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің сайлау жүйелері туралы жинақты әзірлегені үшін Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясына және оның төрағасы Нұрлан Әбдіровке алғыс білдірді.

Жиында Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев те жаңа басылымның маңызын атап өтті.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің сайлау жүйелеріне арналған кітаптың жарық көруі – маңызды оқиға. Бұл еңбекте ұйымға кіретін мемлекеттердің сайлау жүйелері туралы құнды ақпарат бір жерге жинақталған. Жинақ елдеріміздің сайлау органдары арасындағы тәжірибе алмасуға және өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Нуру Гулиев.

Айта кетейік, консультативтік платформаның жұмыс отырысына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров, Әзербайжан ОСК төрағасы Мазахир Панахов, Қырғыз Республикасы ОСК төрағасы Тынчтык Шайназаров, Түркия Республикасы Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта, Өзбекстан ОСК төрағасы Зайниддин Низамходжаев, Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев, ТҮРКПА өкілі Осман Местен және Түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев қатысты.