Бүгiн 2026, 11:33 Фото: Ақорда

Сарапшы: Қазақстан – түркі интеграциясының негізгі қозғаушы күші

Түркі елдері ортақ жасанды интеллект платформасын құруы мүмкін.

Анкарада Қазақстанды географиялық орналасуы, аймақтағы ең ірі экономикасы, энергетикалық ресурстары және Орталық Азиядағы ықпалының арқасында Түркі мемлекеттері ұйымының келешегіндегі шешуші елдердің бірі деп есептейді. 15 мамыр күні Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтеді.

Жиынның басты тақырыбы – жасанды интеллект пен цифрлық трансформация. Геосаяси тұрақсыздық күшейіп, халықаралық институттарға деген сенім әлсіреп, технологиялық үстемдік үшін талас үдей түскен шақта түркі әлемінде экономикалық ықпалдастық қана емес, өз алдына дербес ықпал орталығын қалыптастыру мәселесі де жиі қозғала бастады. 

BAQ.KZ тілшісі Түркиядағы Қорқыт Ата атындағы Османие университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушысы, доктор Эмрах Каямен сұхбаттасып, Түркияға түркі мемлекеттерінің интеграциясы не үшін қажет екенін, Қазақстанды неге Түркі мемлекеттері ұйымындағы негізгі ел деп атайтынын және болашақта ұйымның ортақ нарығы, парламенті, тіпті бірыңғай валютасы бар Еуропалық одаққа ұқсас құрылымға айналу ықтималдығы қаншалықты екенін сұрап білді.

Жасанды интеллект интеграцияның жаңа бағытына айналды

Түркиялық сарапшының айтуынша, әлем қазір жасанды интеллект пен цифрландыру басты рөлге шыққан жаңа дәуірге қадам басты. Сондықтан да жасанды интеллект тақырыбы алғаш рет түркі мемлекеттері саммитінің негізгі күн тәртібіне айналып отыр.

Эмрах Каяның сөзінше, бүгінде жаһандық технологиялық өзгерістерден шет қалған бірде-бір ұйым өзін дербес ықпал орталығы ретінде көрсете алмайды.

Қазір әлемдегі негізгі ойыншылардың барлығы дерлік жасанды интеллектіні дамытуға ден қойып отырғанын көріп отырмыз. Түркі мемлекеттері үшін бұл тек технология мәселесі емес, бұл – болашақтағы ықпалға қатысты мәселе. Егер Түркі мемлекеттері ұйымы өзіндік дербес орталыққа айналғысы келсе, онда әлемдегі өзгерістерге бейімделуі керек. Бұған дейін интеграция мәдениет, экономика және саясат төңірегінде құрылып келсе, енді оған жасанды интеллект те қосылып отыр, – деді ол.

Сарапшы цифрландыру мәселесі Түркі мемлекеттері ұйымы аясында бұрыннан көтеріліп келе жатқанын еске салды. Атап айтқанда, 2022 жылы өткен ұйым саммитінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Цифрлық трансформация орталығы мен Инвестициялық қорын құруды ұсынған болатын.

Түркиялық сарапшы Эмрах Каяның пікірінше, болашақта түркі елдері ортақ жасанды интеллект платформасын құру мәселесін де қарастыруы мүмкін.

Жасанды интеллект тек мүмкіндік қана емес, сонымен қатар үлкен қауіп-қатерлерді де бірге алып келеді. Сондықтан Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер жасанды интеллект пен цифрлық қауіпсіздік саласында ортақ саясат қалыптастыруы ықтимал. Түркістандағы кездесуде лидерлер бірлескен технологиялар, цифрландыруды жеделдету, жасанды интеллектіні экономикаға, білім беру жүйесіне, медицина мен өндіріске енгізу мәселелерін талқылауы мүмкін, – деп есептейді сарапшы.

Неліктен Түркия Қазақстанға басымдық беріп отыр?

Эмрах Кая Қазақстан бүгінде бүкіл түркі интеграциясы үшін ең маңызды елдердің бірі екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Анкара Қазақстанды жай ғана серіктес мемлекет ретінде емес, Түркі мемлекеттері ұйымының болашағы көп жағдайда тәуелді ел ретінде қарайды.

Қазақстан – түркі әлемінің негізгі елдерінің бірі. Бұл – Ресеймен де, Қытаймен де шектесетін жалғыз мемлекет. Бұдан бөлек, Қазақстан – аймақтағы ең ірі экономикаға ие, табиғи ресурстары мол, аумағы кең, білікті мамандары бар мемлекет. Егер түркі әлемі жаңа ықпал орталығына айналса, Қазақстан сол үдерістің басты қозғаушы күштерінің бірі болады, – деді Кая.

Сарапшы сондай-ақ Түркия Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын өзінің стратегиялық тұрақтылығының бір бөлігі ретінде қабылдайтынын айтты.

Түркия Қазақстанның қауіпсіздігін, экономикасын және әлеуметтік тұрақтылығын өзінің қауіпсіздігімен және тұрақтылығымен тығыз байланысты деп есептейді. Сондықтан Қазақстан Анкара үшін стратегиялық маңызға ие, – деп атап өтті ол.

Түркі мемлекеттері ұйымы «Түркі Еуроодағына» айнала ала ма?

Сарапшының айтуынша, түркі әлемі ішінде қазірдің өзінде тереңірек интеграцияға қатысты түрлі сценарийлер талқыланып жатыр. Оның ішінде ортақ нарық құру, азаматтардың еркін жүріп-тұруы және бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыру мәселелері де бар.

Түркі мемлекеттерінің арасында терең тарихи, мәдени және әлеуметтік байланыстар бар. Бізді бөліп тұрған шекаралар – қолдан жасалған сызықтар. Сондықтан ортақ нарық пен еркін қозғалыс жүйесін қалыптастыру тек мүмкін ғана емес, қажет нәрсе, – дейді Эмрах Кая.

Ол болашақта Еуропалық одаққа ұқсас модельдің де талқылануы мүмкін екенін айтты.

Иә, “Түркі Еуроодағы” сценарийі расында да талқыланып жатыр. Алайда мұндай үдерістер тек ортақ келісім негізінде ғана жүзеге аса алады. Егер мемлекеттердің өзі қаламаса, ешкім оларға егемен құзыреттерінің бір бөлігін беруді мәжбүрлей алмайды, – деді сарапшы.

Сонымен қатар Кая көптеген бастамалардың әзірге ұзақмерзімді перспектива екенін мойындады. Әсіресе бұл ортақ валюта мәселесіне қатысты.

Бірыңғай валюта енгізу үшін терең экономикалық интеграция, ортақ нарық, қаржы саясатын үйлестіру, тіпті ортақ Орталық банк қажет. Қысқа мерзімде бұл қиын, бірақ орта және ұзақ мерзімде мүмкін нәрсе, – деп түсіндірді ол.