Түркі елдерінің жастары Қоқанда бас қосты

Өзбекстан туысқан халықтардың өкілдерін тарихи шаһарға жинады. Қазір мұнда халықаралық жастар фестивалі өтіп жатыр. Фестивальге Қазақстаннан 20-ға тарта делегат барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Хабар 24-тің» жазуынша, Өзбекстанның Қоқан шаһары – тұтас Түркі әлеміне құнды әрі қасиетті мекен. Мұнда өткен ғасырда Мұстафа Шоқай Түркістан уақытша үкіметін құрып, туысқан халықтардың бойына бірігу идеясын сіңіріп кетті. Содан бері тарих түрліше өзгерді. Түркі дүниесінің тамыры бүгін де біртұтас. Саяси һәм мәдени бірлестіктермен байланған. Қоқан – 2 мың жылдық тарихы бар шаһар. Қазір қалада көздің қарашығындай қорғалатын көне нысандар көп. Заманында хан ордасы болған мекенде ХХ ғасырда түркі халықтарының дербестігі орнады. Осы ұлы мұратқа қол жеткізуге Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышпаев және Тұрар Рысқұлов сынды алаш қайраткерлері үлес қосты.

Қоқанда құнды құжат және қолжазбалары бар архив сақталған. Тарихи тұрғыда құндылығы жоғары 1 мыңнан астам жер бар. Соның бірі – мына біз тұрған мешіт. Оны ХІХ ғасырда Омар хан салғызды. Ерекшелігі, ол Алланың 99 аты жазылған 99 бағанадан тұрғызылған, - дейді Ферғана облысы мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы Надира Закирова.

Көне мешіт, медреселері бар шаһар бүгінде Түркі дүниесінің туризм орталығына айналып отыр. Бабалардың ізі қалған жер сонысымен құнды. Туризм саласында өзара әріптестікті арттыратын фестивальге Қазақстан жастары да қатысып, тарихи-танымдық білімін жетілдірді.

Халықаралық фестивальге келдік, Қазақстанның Шымкент қаласынан. Бұл фестиваль 11-15 шілде күндері жалғасады. Мақсаты – жастардың арасында достықты нығайту. Түркі елдерінің түп-тамыры бір болғандықтан, біз бір-бірімізбен еркін тіл табысамыз. Кеше ашылу салтанаты болды, бүгін спорттық ойындар болып жатыр, - деді Қазақстан өкілі Индизара Нұсратуллаева.

Биыл ұйымдастырушылар этноспорт, яғни ұлттық ойындарды насихаттауға басымдық берді. Кейін де осы істі жалғау көзделіп отыр. Себебі түркі дүниесі ортақ құндылықтарын тереңірек тануды көздейді. Ал келер жылы Қазақстан Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізеді.

Бұл шара 2 жылда бір мәрте өтетін болады. Уақыт өткен сайын қызықты бола түседі. Басты мақсатымыздың бірі – ұлттық ойын түрлерінен бәсекелер өткізу. Олардың атауы бір-бірінен өзгеше болғанымен, түп-тамыры бір, - деді Өзбекстан Мәдениет және туризм министрлігінің басқарма басшысы Зарина Абдуллаева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы