Түркі елдері енді апаттарға бірлесіп қарсы тұрады

Мәжіліс 2024 жылғы 6 қарашада Бішкекте қойылған Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құжат мүше мемлекеттер мен байқаушы мемлекеттердің, сондай-ақ басқа да елдердің аумағында туындауы мүмкін табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға бірлесіп ден қою тетігін құруға бағытталған. 

Азаматтық қорғау тетігінің негізгі функцияларына төтенше жағдайларға ден қою, адам өмірі мен мүлікті құтқару, медициналық көмек көрсету, жедел байланысты қамтамасыз ету, сын-қатерлерді мониторингтеу және талдау, уақытша баспана ұсыну, апаттар мен төтенше жағдайлар кезінде гуманитарлық көмек көрсету, сондай-ақ олардың алдын алу және оларға дайындықты қамтамасыз ету жатады. Сонымен қатар, құжаттың маңызды бағыттарының бірі – төтенше жағдайды басқару саласында жұмыс істейтін барлық деңгейдегі персоналдың кәсіби құзыретін арттыру мақсатында кәсіптік даярлаудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу және өндірістен қол үзбей теориялық әрі практикалық оқу бағдарламаларын ұйымдастыру. 

Келісімнің мақсаттары мен міндеттерін іске асыру үшін апаттар мен төтенше жағдайларды басқаруға жауапты Министрлер кеңесі, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының Азаматтық қорғау тетігінің хатшылығы құрылады.

Бұған дейін депутат баспана мәселесін жедел шешу үшін екі ұсыныс жасағанын айта кетейік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы