«Түркі бауырластығынан» қомақты қаржыға дейін: Қазақстанға Түркиямен одақ құру және ТМҰ не үшін қажет?
Қазақстан мен Түркия логистикаға, ЖИ және қорғаныс саласына басымдық беруде.
Соңғы бірнеше жылда Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар символикалық «түркі бауырластығы» шеңберінен біржола шығып, логистикаға, инвестицияға, энергетика мен технологияға негізделген одаққа айналды. Бүгінде Астана мен Анкараны тек мәдениет пен тарих қана емес, сонымен қатар көлік дәліздері, мұнай, қорғаныс технологиялары, жасанды интеллект және көпмиллиардтық жобалар байланыстырып отыр.
Тек 2025 жылдың өзінде елдер арасындағы теміржол тасымалы 6,4 млн тоннаға жетті, ал бірлескен жобалардың көлемі 9,5 млрд доллардан асты.
Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анкараға сапары барысында құны шамамен 490 млн доллар болатын жаңа келісімдерге қол қойылды.
BAQ.KZ тілшісі Түркі мемлекеттері ұйымының қалайша мәдени алаңнан көлік, инвестиция және технологиялық үйлестіру құралына айналып жатқанын түсіну үшін ресми құжаттарды, тараптардың мәлімдемелерін және экономикалық көрсеткіштерді зерттеп көрді.
Неліктен Қазақстан мен Түркия логистикаға, ЖИ және қорғаныс саласына басымдық беріп отыр?
2020 жылдардың ортасында Қазақстан-Түркия қатынастары тарихи-мәдени риторикадан бірнеше бағыт бойынша практикалық ынтымақтастыққа қарай айтарлықтай ойысты. Олар: көлік дәліздері, энергетика, инвестиция және қорғаныс-технологиялық кооперация.
Бұл өзгерістер ресми құжаттардан-ақ айқын көрінеді:
2022 жылғы мамырда Астана мен Анкара өз қарым-қатынастарын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерді. Күн тәртібіне тек мәдениет пен білім беру ғана емес, сонымен қатар көлік, киберқауіпсіздік, қорғаныс, бірлескен өндіріс, энергетика және цифрландыру мәселелері енді.
2026 жылғы сәуірде үкіметаралық комиссия жасанды интеллект, Орта дәлізді дамыту, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы киберкеңес құру және бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды талқылады.
Түркі мемлекеттері ұйымының өзі де өзгеріп келеді. 2021 жылы атауын өзгертіп, «Түркі әлемі – 2040» стратегиясын қабылдағаннан кейін, ұйым тек мәдени-символикалық күн тәртібінен біртіндеп алыстап, көлік, инвестиция, цифрландыру, төтенше жағдайларға әрекет ету және қауіпсіздіктің жекелеген мәселелері бойынша үйлестіруді күшейтіп жатыр.
Дегенмен, толыққанды мемлекетүстілік одақ туралы айту әлі ерте. ТМҰ-да ортақ нарық, бірыңғай валюта, ұлттық деңгейден жоғары тұратын реттеуші орган немесе ұжымдық қорғаныс жүйесі жоқ.
Болашақта анағұрлым практикалық қадамдар нақтырақ көрінеді: сауданы цифрландыру, порттарды түйістіру, бірлескен инвестициялық қорлар, өнеркәсіптік кооперация, киберүйлестіру және Транскаспий логистикасын дамыту.
Қазақстан үшін бұл көпвекторлы саясаттан бас тарту емес, оның жаңа формасы. 2025 жылы Түркия Қазақстанның сыртқы саудасындағы маңызды, бірақ басымдыққа ие (доминантты) емес бағыт болып қалды. Экспорттық серіктестер арасында оның үлесі 4,9%-ды құрап, Италия, Қытай, Ресей және Нидерландыдан кейінгі орынға ие болды.
Бұл Астананың Анкара мен Түркі мемлекеттері ұйымын Ресеймен, Қытаймен, Еуропалық Одақпен немесе Батыспен қарым-қатынасты алмастырушы емес, әр тараптандырудың қосымша арнасы ретінде қарастыратынын білдіреді.
Қазақстан мен Түркияның жақындасуының негізгі кезеңдері
Төменде ресми және алғашқы құжаттар бойынша расталған негізгі кезеңдер берілген:
Ынтымақтастық ауқымын көрсететін сандар
2026 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 5 мыңнан астам кәсіпорын тіркелген, ал бірлескен жобалар қоржыны 9,5 млрд доллар болатын 170-тен астам бастамаға бағаланды.
Қазақстан Үкіметінің деректеріне сүйенсек, соңғы 20 жылда түрік инвестицияларының көлемі 6 млрд доллардан асты. Тек 2025 жылдың өзінде шамамен 390 млн доллар тартылды.
Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан жобалардың жеке блогы құны 4 млрд доллар болатын 98 бастаманы құрайды. Тағы 3,9 млрд доллардың 50 жобасы жүзеге асыру сатысында тұр.
Романтикадан прагматикаға
Егер қарым-қатынастардың ерте кезеңі мәдени жақындық идеясы төңірегінде құрылса, қазіргі кезең - логистикаға, нарықтарға, инвестициялар мен транзитке негізделген нақты есеп.
2022 жылғы құжаттарда Қазақстан мен Түркия басым бағыттар ретінде қорғаныс, қауіпсіздік, көлік, ақпараттық технологиялар, киберқауіпсіздік, энергетика, ауыл шаруашылығы және бірлескен өндірісті ресми түрде бекітті.
«Бауырластық» риторикасы жойылған жоқ, бірақ ол саясаттың негізгі мазмұны болудан қалды.
Бұл әсіресе инфрақұрылымдық жобалардан анық байқалады. Түркия Орта дәлізді Каспий мен Оңтүстік Кавказ арқылы Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын бағыттың ажырамас бөлігі ретінде қарастырады.
Анкара үшін бұл - Азия мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік торап ретіндегі рөлін нығайту мүмкіндігі. Ал Қазақстан үшін - экспорттық және көлік маршруттарын әртараптандырудың таптырмас жолы.
2025 жылы елдер арасындағы тасымал көлемі 6,4 млн тоннаға жетті, ал Орта дәліз бойымен жүк жеткізу уақыты 13 күнге дейін қысқарды.
Энергетика саласы бұл серіктестікке жаңа деңгей қосуда. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша мұнай тасымалын 12%-ға арттырып, 785 мың тоннаға жеткізді.
Дегенмен, 2025 жылғы қазақстандық дереккөздердің мәліметі бойынша, еліміздің жалпы мұнай экспортының тек 5,9%-ы ғана Ресей порттарын айналып өткен. Бұл түрік бағытының әртараптандырудың маңызды элементіне айналып жатқанын, бірақ әзірге ауқымы жағынан ресейлік бағыттармен бәсекелесе алмайтынын көрсетеді.
Неліктен Түркия Қазақстанға бәс тігіп отыр?
Түркия үшін Қазақстан тек «бауырлас ел» ғана емес, Орталық Азиядағы негізгі серіктес болып табылады.
Біріншіден, Қазақстан аймақтағы ең ірі экономика болып қала береді. Екіншіден, республика Орта дәліз бен Транскаспий энергетикасының аса маңызды буыны саналады. Үшіншіден, Қазақстан түрік капиталы үшін тек құрылыс саласында емес, өнеркәсіп, логистика, фармацевтика және агроөнеркәсіп кешенінде де нарықты белсенді түрде ашып жатыр.
Ынтымақтастықтың құрылымы қалай өзгеріп жатқаны анық көрінеді. 2025 жылы тараптар 490 млн доллардан асатын келісімдер пакетіне қол қойды. Олардың ішінде:
-
Астанадағы астық пен бұршақ дақылдарын терең өңдеу жобасы - 320 млн доллар;
-
Шымкент, Астана және Алматы қалаларындағы логистикалық орталықтар - 75 млн доллар;
-
Ақтөбедегі мультимодалды орталық - 25 млн доллар;
-
Түркістан облысындағы фармацевтикалық өндіріс - 70 млн доллар.
Сонымен қатар, 2025 жылдың қаңтарында Шымкентте құны 650 млн доллар болатын және 5 мың жұмыс орнын ашатын жылыжай кешенін салу туралы келісімге қол қойылды. Бұл енді 1990-жылдардағы «жұмсақ күш» емес, толыққанды өнеркәсіптік кооперация.
ТМҰ мен Қазақстан-Түркия одағын не күтіп тұр?
Бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы тек гуманитарлық жоба шеңберінен шығып үлгерді. Ұйымның «Түркі әлемі – 2040» стратегиясы, көлік күн тәртібі, Түркі инвестициялық қоры және төтенше жағдайлар саласындағы үйлестіру тетіктері бар. Дегенмен, ұйым Еуропалық Одақ үлгісіндегі толыққанды одақ деңгейіне әлі жете қойған жоқ.
Ең шынайы сценарий - көлік, инвестиция, цифрландыру және киберүйлестіру арқылы біртіндеп экономикалық интеграциялану. Сонымен қатар, ортақ валюта немесе толыққанды әскери-саяси одақ идеясы әлі де екіталай болып қала береді. ТМҰ елдерінің экономикалары ауқымы, валюталық режимдері және сыртқы саяси мүдделері жағынан бір-бірінен тым ерекшеленеді.
Жақын арадағы 5-7 жылда транзит, агроөңдеу, фармацевтика, қорғаныс өнеркәсібі, киберқауіпсіздік және жасанды интеллект саласындағы жобаларда ынтымақтастықтың күшеюі әбден мүмкін.
2022 жылдың өзінде Қазақстан мен Түркия қорғаныс өнеркәсібінде, соның ішінде ANKA ұшқышсыз ұшу аппараттарын бірлесіп өндіруді дамыту ниетін мәлімдеген болатын. Бұл әскери-технологиялық ынтымақтастықтың ендігі жерде жабық тақырып емес екенін білдіреді.
Ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан мен Түркия одағы үлкен еуразиялық өзара байланыс жүйесінің бір бөлігіне айналуы ықтимал. Бұл жүйеде ТМҰ үйлестіруші платформа, Орта дәліз - көлік қаңқасы, ал бірлескен жобалар - интеграцияның өнеркәсіптік қозғалтқышы рөлін атқаратын болады.
Бірақ бұл процестің де өз шектеулері бар: Түркия Қазақстан үшін маңызды, бірақ Ресей мен Қытай әлі де еліміздің саудасына, энергетикасына және инфрақұрылымына тереңірек енген. ТМҰ ішінде экономикалар мен саяси жүйелердің елеулі асимметриясы сақталып отыр.
Сондықтан жақын болашақта әңгіме «түркі одағы» емес, Қазақстанның көпвекторлы саясатынан бас тартпай-ақ, біртіндеп секторлық интеграциялануы туралы болмақ.