"Түркі әлемінен бір дәуір кетті". Садыр Жапаров Мұхтар Шахановтың қазасына байланысты көңіл айтты
Қырғыз президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа көңіл айту жеделхатын жолдады.
Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа әйгілі қазақ ақыны, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жеделхатта Қырғызстан президенті қаралы хабарды үлкен қайғымен қабылдағанын атап өтіп, Мұхтар Шахановты тек қазақ халқының ғана емес, қырғыз жұртының да рухани тірегі болған тұлға ретінде сипаттады.
Мұхтар аға бауырлас қазақ халқының ғана емес, қалың қырғыз елінің де ақсақалы, сүйенер тірегі еді. Демек, қырғыз жұртшылығы тағы бір асқар тауынан, тағы бір рухани тірегінен айырылып, еңсесі түсіп, жүрегі қан жылап тұрған сәт. Мұндай алып тұлғалардың бақилық болуы жайлы халқымызда "білгенге тұтас бір дәуір кетті" дейді. Шынында да Мұхтар ағаның дүниеден өтуімен бүкіл түркі әлемінен бір дәуір кетті... – деді Садыр Жапаров.
Садыр Жапаров сондай-ақ ақынның қайсар мінезі мен әділдік жолындағы батыл ұстанымын ерекше атап өтті.
Қазақ халқының әділдік үшін басын бәйгеге тігетін қайсар мінезін бойына сіңірген Мұхтар аға кеңестік кезеңде де, кейін де Отан тағдыры үшін шындықты тайсалмай айтқан тұлға еді. Қудалауға ұшыраса да мойымаған, "Желтоқсан" оқиғасына қатысты пікірін ашық білдіргені есімізде. Қазақ пен қырғызға бірдей жанашыр болған оның ақындық әрі азаматтық үні тау мен даланың жаңғырығындай естілетін. Әсіресе, ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовпен достығы екі халықтың бауырластығын нығайтуға зор үлес қосты. Қадірлі қазақ бауырлар, бүгін осындай талантты, елін сүйген ұлын жоғалтқан қазақ ағайындарға және ақынның жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Бекем болыңыздар, қайғыға берілмеңіздер! – делінген президент Садыр Жапаровтың жеделхатында.