Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазан айының 20-23 күндері «Ортақ түркі тарихының жазылуы» атты Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы өтеді.

Дәстүрлі жиынның өтуіне бұл жолы Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті мұрындық болып отыр. Шараның ашылу рәсімі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің YouTube желісіндегі ресми арнасында көпшілік назарына ұсынылмақ.

Онлайн форматта ұйымдастырылатын басқосуға Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан және Башқұртстанның жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысады.

Әлемдегі ғылым, білім саласында түркі әлеміне қатысты зерттеу жасап жүрген ғалымдардың басын қосып, ғылыми бағытта пікір алмасуды қамтамасыз ету, жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашып, түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің кеңеюіне ықпал жасау – симпозиумның басты мақсаты, – деп атап өтті Қыздар университетінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.
Басқосуда ғалымдар педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия, әлеуметтану, гендерлік т.б. мәселелер жайында және жаратылыстану ғылымдары саласында пікір алмасып, болашақта түркі әлемінде ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру турасында уағдаласпақ.

Симпозиум түбі бір түркі халықтарының өзара ынтымақтастығының нығаюын, әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың қамтамасыз етілуін көздейді.

Айта кетейік, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Баку Еуразия университеті және М. Акмулла Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің ұйытқы болуымен Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы алғаш рет Түркияның Өмер Халисдемир университетінде 2014 жылдың 18-21 наурыз күндері аралығында өткен болатын. Сонымен қатар шара аясында аталған жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен «Түбіміз бір Түрікпіз» фестивалі да тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы