22 Қазан 2026, 13:33 Фото: Түркі мемлекеттері ұйымы

Түркі әлемі біріксе, әлемдегі ең ірі экономикалардың қатарына қосыла ала ма?

Түркі әлемінің жиынтық ЖІӨ-сі 2,4 триллион доллардан асты. Алдағы жылдары бауырлас мемлекеттерді қандай ортақ мүмкіндіктер мен стратегиялық жобалар күтіп тұр?

Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы, Төтенше және өкілетті елші Кубанычбек Омуралиев 2026 жылғы 20 қазанда Ыстанбұлда жариялаған мақаласында Түркі әлемінің тарихи және мәдени бірлігін нақты экономикалық мүмкіндіктерге айналдырудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, жиынтық жалпы ішкі өнімі 2,4 триллион доллардан асатын түркі мемлекеттері көлік-логистика, энергетика, цифрландыру және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету арқылы Еуразиядағы ықпалын арттыра алады.

Фото: Түркі мемлекеттері ұйымы

Халықтар мен мемлекеттердің тарихында ортақ өткеннің естелік қана емес, болашақты айқындайтын күшке айналатын бетбұрыс кезеңдері болады. Бүгінде Түркі әлемі осындай тарихи кезеңді бастан өткеріп отыр деп сенемін.

Шығыс пен Батыстың арасындағы ұлан-ғайыр кеңістікте шамамен 180 миллион адамды біріктіретін Түркі әлемінің негізінде терең тарихи және мәдени байланыстар жатыр. Қазіргі уақытта бұл байланыстар сауда, көлік, инвестиция, білім беру, технологиялар және халықтар арасындағы қарым-қатынас салаларындағы ынтымақтастықпен толығып келеді.

Ғасырлар бойы ортақ тіл, мәдениет, дәстүрлер мен тарихи жады арқылы сақталған құндылықтар бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында нақты институционалдық әрі практикалық сипатқа ие болуда.

2009 жылы құрылған кезінен бастап ТМҰ саяси диалог пен мәдени жақындыққа бағытталған алаңнан нақты іс-қимылға негізделген жан-жақты ынтымақтастық тетігіне дейінгі жолдан өтті.

Бас хатшы ретіндегі қызметімнің аяқталуына жақындаған тұста осы кезеңге қол жеткізілген жетістіктерді саралау мүмкіндігі ретінде ғана қарамаймын. Бұл – ынтымақтастығымыздың ерекшелігін, оның халықтарымызға ашатын мүмкіндіктерін және алдағы онжылдықтарда Түркі әлемін қандай деңгейде көргіміз келетінін ой елегінен өткізуге мүмкіндік беретін маңызды сәт.

Тамыры терең бірлік

Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық институттар арасында өзіндік ерекшелігі бар. Көптеген халықаралық ұйымдар нақты саяси сын-қатерлерге, экономикалық қажеттіліктерге немесе қауіпсіздікке төнген қатерлерге жауап ретінде құрылады. Ал ТМҰ-ның іргетасы өзгеше.

Біздің ынтымақтастығымыз Ұйым құрылғанға дейін сан ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ тарихқа, тілдік жақындыққа, мәдени дәстүрлерге, құндылықтарға және біртұтас өркениеттік кеңістікке тиесілі екенімізді терең сезінуге негізделген.

Ортақ тарих, тіл, ұлттық болмыс пен мәдениет – өткенге жасалған жай ғана сілтеме емес. Олар берік әрі орнықты ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік беретін өзара сенімнің негізін қалайды.

Алайда ортақ мұраның болуы өздігінен ортақ болашаққа кепілдік бермейді. Біздің ұрпақтың міндеті – тарихи жақындық пен туыстықты ХХІ ғасырдың шындығы мен сын-қатерлеріне сай келетін жаңа мүмкіндіктерге, өзара байланыстар мен ынтымақтастыққа айналдыру.

Бұл ойды «Біз бірге күштіміз» деген қарапайым сөздер айрықша дәл жеткізеді.

Бір назар аударарлығы, бұл сөздер Түркі әлемінің көптеген бөлігінде аудармасыз-ақ түсінікті. Мұның өзі халықтарымыз арасындағы терең тілдік және мәдени байланысты көрсетеді. Бүгінде «Біз бірге күштіміз» қағидаты бірлік пен ынтымақтастықтың жай ғана көрінісі емес, нақты бірлескен іс-қимылға бастайтын ұстанымға айналды.

Ортақ бірегейліктен институционалдық кемелдікке

Соңғы жылдардағы маңызды өзгерістердің бірі – табиғи жақындығымыздың нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін институционалдық әлеуетке айналуы.

Бүгінде ТМҰ мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жүйелі түрде нығайтып келеді. Ұйым аясында экономика, сауда, көлік және кеден ісінен бастап энергетика, цифрландыру, өнеркәсіп, ғылым мен технологиялар, денсаулық сақтау, білім беру, жастар саясаты, ауыл шаруашылығы, еңбек және әлеуметтік қорғау, зияткерлік меншік, ғарыш және басқа да көптеген саланы қамтитын 65 ынтымақтастық тетігі жұмыс істейді.

Тек 2023 жылдан бері 32 жаңа ынтымақтастық тетігі құрылды. Бұл – 2022 жылдың соңына дейін қалыптасқан тетіктердің жалпы санына тең көрсеткіш. Мұның өзі күн тәртібінің кеңейгенін ғана емес, мүше мемлекеттер мен бақылаушылардың ортақ басымдықтарды нақты институционалдық өзара іс-қимылға айналдыруға деген ұмтылысы артқанын да көрсетеді.

Сандардан да маңыздысы – бірлескен жұмысымыздың сипатының өзгеруі. Саяси консультациялар жүйелі әрі мазмұнды бола түсті, министрліктер мен салалық ұйымдар арасындағы байланыстар нығайды, ортақ идеяларды әзірлеу, жоспарлау және бірлесіп әрекет ету қабілетіміз артты.

Мен бұл даму кезеңін үш сөзбен сипаттар едім: іске асыру, жаңғырту және институционалдық нығайту.

ТМҰ Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының Үйлестіру комитетіне төрағалық ете отырып, өзімен байланысты ұйымдармен тығыз әрі жүйелі жұмыс жүргізеді. Олардың қатарында Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясы (ТҮРКПА), Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы (ТҮРКСОЙ), Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Түркі инвестициялық қоры (ТИҚ) және Түркі мемлекеттерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағы бар.

Бұл ұйымдар бірлескен күш-жігер арқылы институционалдық байланыстарды нығайтып, Түркі әлемінің ортақ басымдықтарын ілгерілететін көпқырлы ынтымақтастық жүйесін қалыптастырып келеді.

Түркі инвестициялық қорының құрылуы және жұмысын бастауы осы жолдағы маңызды белес болды. Түркі мемлекеттері алғаш рет экономикалық әлеуетін жұмылдыруға, инвестициялар мен кәсіпкерлікті қолдауға, шағын және орта бизнесті нығайтуға, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға жәрдемдесуге арналған ортақ қаржы институтын құрды.

Орталық банктер кеңесі, Түркі жасыл қаржыландыру кеңесі және Түркі инвестицияларына жәрдемдесу желісі (TurkIPAnet) қалыптасып келе жатқан қаржы және инвестициялық құрылымды толықтыра түсуде.

Қызмет атқарған жылдарымда мен үшін ең қуанышты жетістіктердің бірі – үкіметаралық және ресми құрылымдардан тыс, соның ішінде жеке сектор мен кәсіби қауымдастықтар арасында ынтымақтастық желілерінің пайда болуы.

Нотариустар, аудиторлар, инженерлер, кәсіподақтар және өзге де кәсіп өкілдері байланыс орнатып, кәсіби желілер құрып, кең түркі кеңістігінде институционалдық ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеуде.

Бұл үрдіс ТМҰ халықаралық автомобиль тасымалдаушылары қауымдастықтарының одағы, Түркі мемлекеттерінің тау шаңғысы курорттары одағы және Түркі Қызыл Жарты Ай желісі сияқты бірлестіктер мен бастамалардың құрылуынан да көрініс табады. Олар көлік, туризм және гуманитарлық қызмет салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал етеді.

Іскер топтар, университеттер, жастар, сарапшылар мен кәсіби бірлестіктер өзара әрекеттесудің өзіндік негіздерін және барған сайын дербес жолдарын табуда.

Адамдар мен кәсіби қауымдастықтар өзара байланыстарды өз бастамасымен орната бастағанда, ынтымақтастық мекемелер шеңберінен шығып, қоғамның өзінде тамыр жаяды. Мен үшін бұл – түркі ынтымақтастығының кемелденіп келе жатқанының ең айқын белгілерінің бірі.

Түркі әлемінің экономикалық әлеуеті қандай?

Фото: Түркі мемлекеттері ұйымы

Түркі әлемінің артып келе жатқан маңызы ортақ мұрамызбен ғана емес, жиынтық экономикалық және стратегиялық әлеуетіміздің ауқымымен де айқындалады.

2025 жылдың соңындағы деректерге сәйкес, ТМҰ-ға мүше мемлекеттер мен бақылаушылардың жиынтық жалпы ішкі өнімі 2,4 триллион АҚШ долларынан асты. Ал олардың сыртқы сауда айналымының жалпы көлемі шамамен 1,27 триллион АҚШ долларына жетті.

Түркі мемлекеттері біртұтас экономикалық кеңістік ретінде қарастырылса, әлемдегі 11-ші ірі экономикаға және энергия ресурстарын жеткізушілер арасында үшінші орынға ие болар еді.

Мұнайдың, табиғи газдың, көмірдің және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалардың елеулі қорына ие елдеріміздің энергетикалық әлеуеті зор. Сонымен қатар олар әлемдік уран өндірісінің 40 пайыздан астамын қамтамасыз етеді және жаңартылатын энергетиканы дамытуға инвестицияларды барған сайын ұлғайтып келеді.

Сұраныс артып, әлемдік энергетикалық жүйе қарқынды өзгеріп жатқан жағдайда ынтымақтастық қалаулы мүмкіндік қана емес, өмірлік қажеттілікке айналуда.

ТМҰ-ның соңғы саммиттерінде энергетикалық қауіпсіздіктің маңызы бірнеше рет атап өтілді. Оны қамтамасыз ету үшін жеткізілімдердің тұрақтылығын сақтап, сауданы кеңейтіп, экономикалық және геосаяси орнықтылықты нығайту қажет. Бұл өз кезегінде құбыр желілерінің, электр желілерінің, энергия сақтау жүйелері мен көлік бағыттарының өзара байланысын талап етеді.

Түркі мемлекеттері Оңтүстік газ дәлізі, «Орталық Азия – Әзербайжан» жасыл энергетикалық дәлізі, Қамбар-Ата ГЭС-1 және Қара теңіз суасты кабелі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар арқылы өңірлік және халықаралық энергетикалық байланыстарды нығайтып келеді.

Бұл бастамалар энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, жеткізу бағыттарын әртараптандыруда және жаңартылатын энергетика саласындағы ынтымақтастықты дамытуда Түркі әлемінің рөлі артып отырғанын көрсетеді.

Осы тұрғыда «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжаты маңызды стратегиялық бағдар болып табылады. Ол экономикалық интеграцияны тереңдетуді, өзара байланыстарды дамытуды, институттарды нығайтуды, ғылымды көп қажет ететін салаларға инвестиция салуды және орнықты әрі инклюзивті өсуді қолдауды көздейді.

Орта дәліз: Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды бағыт

Түркі мемлекеттерінің экономикалық ынтымақтастығының нақты көрінісі көлік байланыстары саласында байқалады.

Орта дәліз ретінде белгілі «Шығыс – Батыс» Транскаспий халықаралық көлік бағыты Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды буынға айналып келеді. 2030 жылға қарай бұл бағыттағы жүк тасымалының көлемі 11 миллион тоннаға жетуі мүмкін.

Жылдық өткізу қабілеті 15 миллион тоннаға дейін жетеді деп болжанатын Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолы да өңірлік көлік байланыстарын нығайтып, Еуразия кеңістігіндегі сауда мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Алайда заманауи көлік дәлізі теміржолдардан, автомобиль жолдары мен порттардан ғана тұрмайды. Тауарлар шекаралардан кедергісіз өтіп, ақпарат пен құжаттар олардың қозғалысымен қатар жүруі тиіс.

Осы мақсатта ТМҰ физикалық инфрақұрылымды Жеңілдетілген кеден дәлізі, e-Permit, e-CMR және халықаралық автомобиль тасымалдарының цифрлық жүйесі (Digital TIR) сияқты кедендік әрі цифрлық шешімдермен толықтырып келеді.

Бұл тетіктер трансшекаралық сауданы жеңілдетуге және әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған.

Цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісім және Қызметтер мен инвестициялардың еркін саудасы туралы келісімді жасасу жөніндегі жалғасып жатқан жұмыс елдеріміздің экономикалық интеграциясын одан әрі тереңдетуге ықпал етпек.

Сонымен қатар бәсекелестікті қорғау органдары, қаржылық барлау бөлімшелері, инвестиция тарту агенттіктері, жоғары аудит органдары мен салық әкімшіліктері арасында жолға қойылған ынтымақтастық та маңызды. Мұндай әріптестік институционалдық байланыстарды нығайтып, Түркі әлеміндегі экономикалық басқаруды жетілдіруге мүмкіндік береді.

Цифрлық экономика осы күн тәртібінің өзегінде қала береді. Цифрлық сауда платформалары, өзара үйлесімді электрондық кеден жүйелері, қаржылық технологиялар саласындағы ынтымақтастық, деректермен қауіпсіз алмасу және цифрлық реттеуге қатысты келісілген тәсілдер экономикалық байланыстарды анағұрлым тиімді әрі қолжетімді ете алады.

Цифрлық трансформация – тек техникалық мәселе емес. Ол заманауи экономикалық интеграцияның басты негіздерінің бірі.

Біздің мақсатымыз айқын: көлік және экономикалық байланыстарды оларды тікелей пайдаланатын адамдар мен кәсіпорындар үшін ыңғайлы әрі тиімді ету.

Осы өзгерістердің жиынтығы инфрақұрылым тиімді шекаралық рәсімдермен толықтырылатын, сауда инвестициялармен нығайтылатын, ал жекелеген елдердің артықшылықтары барған сайын ортақ мүмкіндіктерге айналатын өзара тығыз байланысқан түркі экономикалық кеңістігінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

Жастарға арналған ортақ мүмкіндіктер кеңістігі

Жас ұрпақ үшін Түркі әлемі нақты мүмкіндіктер кеңістігіне айналуға тиіс.

Түркі университеттері одағы (TURKUNIB) мен «Орхун» академиялық алмасу бағдарламасы студенттерді, оқытушыларды және университеттерді жақындастырады.

Жастар волонтерлігі жөніндегі білім беру бағдарламасы, Көпжақты жастар алмасу бағдарламасы және Халықаралық жастар лагері сияқты бастамалар түркі мемлекеттері жастары арасындағы тікелей байланыстарды, өзара түсіністікті және ортақ бірегейлік сезімін нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен бірге талқыланып жатқан Turkic ID және Бірыңғай музей картасы сияқты бастамалар сапарларды жеңілдетуге әрі ортақ мәдени мұрамызға қолжетімділікті арттыруға бағытталған.

Көлік дәлізінің маңызы оны бизнес пайдаланған кезде артады. Іскерлік ынтымақтастық инвестициялық қолдаудың арқасында нығаяды. Инвестициялар технологиялармен және адами капиталды дамытумен ұштасқанда көбірек нәтиже береді. Ал қоғам осы үдерістерге қатысып, олардың игілігін сезінгенде, барлық бастамалардың орнықтылығы артады.

Сондықтан ТМҰ-ның болашағы ынтымақтастық бағыттарының санын көбейтумен ғана емес, қолданыстағы тетіктерді мүмкіндіктердің неғұрлым тұтас кеңістігіне біріктірумен байланысты.

Біздің күшіміз – сыртқы әлемге ашық бола отырып, бірлігіміздің бірегей негіздерін дамытуда.

Ұзақ мерзімді бағдарымыз «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатында айқындалған. Мемлекеттердің егемендігі мен ұлттық басымдықтарын толық құрметтеу негізінде өзара байланыстар мен интеграцияны тереңдету климаттың өзгеруіне қарсы тұру, азық-түлік және денсаулық сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар мен басқа да трансшекаралық сын-қатерлерге ден қою жөніндегі ортақ қабілетімізді нығайтуға тиіс.

Әлемге ашық Түркі әлемі

Түркі әлемінің нығаюы оның сыртқы әлеммен байланыстарының кеңеюімен және ашықтығының артуымен қатар жүруге тиіс.

Географиялық орналасуымыздың өзі бұл үдерісте бізге табиғи рөл жүктейді. Ғасырлар бойы Түркі әлемінің жерлері Еуразия халықтарын, мәдениеттерін, нарықтары мен идеяларын байланыстырып келді. Бүгінде осы тарихи рөлге заманауи мазмұн беруге мүмкіндігіміз бар.

Көлік байланыстарын дамыта отырып, сауданы жеңілдетіп, энергетикалық желілерді біріктіріп, инновацияларды ынталандырып және қоғамдар арасындағы байланыстарды нығайта отырып, түркі мемлекеттері өздерінің өркендеуіне ғана емес, бүкіл Еуразия өңіріндегі өзара ықпалдастық пен ынтымақтастықтың тереңдеуіне де үлес қоса алады.

Бұл ұстаным ТМҰ-ның Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесімен және басқа да халықаралық әрі өңірлік ұйымдармен кеңейіп келе жатқан өзара іс-қимылынан көрінеді. Сонымен қатар Ұйымнан тыс елдермен және әріптестермен ынтымақтастық орнатуға икемді алаң ұсынатын «ТМҰ+» форматы да дамып келеді.

Біздің мақсатымыз – бейбітшілікке, тұрақтылыққа, өзара байланыстарға, орнықты дамуға және диалогқа ықпал ететін өзара тиімді әрі практикалық әріптестік қатынастарды қалыптастыру.

Біз Түркі әлемінің айналасына қабырға тұрғызуды емес, оны әлемнің өзге бөлігімен байланыстыратын көпірлер салуды көздейміз.

Ішкі байланыстарын нығайта отырып, Түркі әлемі бір мезгілде ашықтығын арттырып, халықаралық деңгейде маңызын күшейтіп, өз шекарасынан тыс жерлердегі диалогқа, дамуға және ортақ өркендеуге үлес қоса алады.

Болашаққа көзқарас

Өткен жылдар ішінде Түркі әлемінің елдері мен халықтарының барған сайын жан-жақты әрі нақты жақындасуына куә болып, осы үдеріске өз үлесімді қосу мен үшін үлкен мәртебе болды.

Алайда осы жылдардағы ең басты түйген ойым – біз өз мүмкіндіктерімізді толық іске асыру жолының әлі басында ғана тұрмыз.

Негіз қаланды. Мүше мемлекеттердің ортақ мақсаттарға ұстанымы берік. Институционалдық құрылым кеңейді. Біздің жиынтық экономикалық және стратегиялық әлеуетіміз барған сайын кеңінен мойындалуда. Ал қоғамдар бір-біріне жақындасудың жаңа жолдарын ашуда.

Анкарада «Түркі ғасыры: тілде, пікірде және істе бірлік» ұранымен өтетін және Түркияның төрағалық кезеңінің басталуын айшықтайтын Түркі мемлекеттері ұйымының алдағы XIII саммиті бірлескен жұмысымыздың келесі кезеңінде қалыптасқан серпінді одан әрі арттыруға маңызды мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта ынтымақтастығымыздың табысы қол қойылған келісімдердің немесе құрылған өзара іс-қимыл тетіктерінің санымен ғана емес, ең алдымен, оның халықтарымызға әкелетін нақты пайдасымен бағалануға тиіс.

Ортақ мұраттарымызды болашақ ұрпақ игілігі үшін нақты мүмкіндіктер мен орнықты жетістіктерге айналдыру біздің өзгермейтін басымдығымыз болып қалуға тиіс.

Мүше мемлекеттер мен бақылаушылар басшыларына көрегендігі мен тұрақты қолдауы үшін, сондай-ақ үкіметтерімізге, мемлекеттік органдарға, Тұрақты өкілдерге, сарапшыларға және ТМҰ Хатшылығындағы әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін. Олардың қажырлы еңбегі, кәсібилігі және ортақ іске адалдығы бірлескен даму жолындағы әрбір қадамымыздың ажырамас бөлігі болды.

Осы үдеріске Бас хатшы ретінде үлес қосу мен үшін үлкен мәртебе болды.

Бас хатшы лауазымындағы өкілеттік мерзімім аяқталуға жақындаса да, Түркі әлемінің бірлігіне, ынтымақтастығына және өркендеуіне деген адалдығым өзгермейді. Осы ортақ іске атсалысу мүмкіндігі үшін шын жүректен ризамын және ортақ болашағымыздың орасан зор әлеуетіне сенімімді сақтай беремін.

Түркі әлемі тарихи жақындықтан берік байланыстарға, әлеуеттен нақты мүмкіндіктерге, ынтымақтастықтан халықтарымыз сезінетін нәтижелерге қарай ілгерілеуін жалғастыруға тиіс.

Ата-бабаларымыз бізге ортақ мұра қалдырды. Болашақ ұрпаққа табыстайтын дүниеміз сол мұра туралы естеліктен әлдеқайда ауқымды болуға тиіс.

Ол – осы мұраның негізінде құрылған ортақ болашақ.

Түркі әлемінің барлық кеңістігінде, барлық тілдерімізде «Біз бірге күштіміз» деген сөздер әрдайым жаңғырып тұрсын.